83 елді мекен болса, соның 59-ы «көгілдір отынға» қосылған.
Келес ауданында табиғи газбен қамту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде аудан бойынша барлығы 83 елді мекен болса, соның 59-ы «көгілдір отынға» қосылған. Бұл жалпы қамтудың 71,1 пайызын құрайды.
Қалған 24 елді мекенге де табиғи газ тарту мәселесі кезеңімен шешілуде. Қазіргі уақытта 4 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас, Қошқарата округіндегі Ұшқын елді мекені және Бірлік округіндегі Бірлік елді мекені.
Сонымен қатар 9 елді мекенге магистральды газ құбырын тарту үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамалық оң қорытындысы алынған. Бұл елді мекендер қатарына Бірлік ауылдық округіндегі Жанатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, сондай-ақ Ошақты округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс және Жиделі ауылдары кіреді.
Аудан орталығы Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Дегенмен, кейбір көшелер мен тұрғын үйлерде жіңішке диаметрлі газ құбырларын ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты жаңа жобалар әзірлеу мақсатында сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалуда.