ТҮРКІСТАН: Келестегі көшелерде 6 мыңнан астам жарықшам орнатылған

0
90

Нәтижесінде аудан көшелерінің жарықтандырылу деңгейі 56,8 пайызды құрап отыр.


ТҮРКІСТАН: Келестегі көшелерде 6 мыңнан астам жарықшам орнатылған

Келес ауданындағы 290 көшеге жарықшамдары орнатылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Келес ауданында 83 елді мекенде орналасқан 510 ішкі көшенің 290-на көше жарықшамдары орнатылған. Жалпы саны 6 754 жарықшамның 6 456-сы елді мекендердің ішкі көшелерінде, ал 298-і А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан. Нәтижесінде аудан көшелерінің жарықтандырылу деңгейі 56,8 пайызды құрап отыр. Бұл жайында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық еткен кезекті аппараттық мәжілісте баяндалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елдос Келесбай өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан минералды жолақ жырту жұмыстары жөнінде баяндады. Биыл аудан бойынша жалпы 533,23 шақырым минералды жолақ жырту жоспарланған. Қазіргі таңда Ақтөбе, Алпамыс батыр, Бірлесу, Біртілек, Жамбыл, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтеріндегі жұмыстар толық аяқталған. Қалған жұмыстарды 15 мамырға дейін толық аяқтау жоспарланған.

Мәжілісте аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстарының барысы да сараланды. Аудан бойынша зерттелетін аумақ көлемі 217 960 гектарды құраса, оның 143 350 гектарына химиялық өңдеу жүргізілген. Жұмыстар 19 сектор бойынша ұйымдастырылып, оған 220 анықтаушы, 38 жауапты маман, ветеринария қызметкерлері және 150 ерікті тартылған. Қазіргі таңда барлық секторларда дәрілеу жұмыстары толық аяқталып, қайта бақылау және мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне көше жарықтарын қалпына келтіру, минералды жолақтарды белгіленген мерзімде аяқтау және шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.

Бөлісу