ТҮРКІСТАН: Келестегі құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

0
871

Әкім бетперделі режимді сақтау керектігін басты назарға ұстауды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Келестегі құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Келес ауданында жұмыспен қамту жол картасы аясында 3 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар, яғни Біртілек ауылдық округіндегі №13 Т.Бегелдинов мектебі, Ақтөбе ауылдық округіндегі емхана ғимараттарында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен, сонымен қатар мектеп түлектеріне ұлттық біріңғай тестілеу өткізетін №1 О.Есимов мектебінде болып, дайындығын пысықтады.

Аудан басшысы алдымен ҰБТ өтетін мектепте болып, дайындықпен танысты. Аралау барысында бірнеше кемшіліктерді байқап, мектеп басшылығымен тест орталығының өкілдеріне сын-ескертпелер жасады.

«Биылғы жылы ҰБТ жылдағыдан басқа жағдайда өтеді. Өздеріңізге белгілі әлемді шарпыған тәжвирус елімізді де айналып өтпеді. Барлығыңызға қатаң тапсырамын: бірінші орында оқушылардың қауіпсіздігі. Олардың денсаулығы. Сол үшін карантин талаптарын қатаң сақталуын ұйымдастырып, қадағалаңыздар», - дейді аудан әкімі.

Өз кезегінде ұйымдастырушылар оқушылар кіре берісте дезинфикциялық өткелден өтіп, антисептик және бетперделі режиммен, аудиторияда шахмат үлгісінде отыратынын баяндады.

Сондай-ақ, аудандағы құрылыс нысандарын аралау барысында әр нысан басындағы құрылыс компанияларының жетекшілері жалпы жұмыс барысын баяндады. Іссапар барысында аудан әкімі әр ғимаратты заман талабына сай етіп жабдықтауды, сонымен қатар, жұмысшылар жергілікті жерден тарта отырып, карантин талаптарын яғни, бетперделі режимді сақтау керектігін басты назарға ұстауды тапсырды.

Айта кетейік, Келес ауданында жұмыспен қамту жол картасы аясында 3 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталды, аяқталу уақыты 5 айды құрайды. Дегенмен мердігерлер жұмыс барысының жылдам жүріп жатқанын ескеріп, тамыз айында аяқталып қалуы мүмкін екенін айтты. Аталған бағдарламаның тиімділігі мердігер мекеме өкілдері жұмысқа жергілікті тұрғындарды тарта отырып, карантин уақытында жұмыссыз қалған азаматтарды жұмыспен қамту.