ТҮРКІСТАН: Келестік ауылда 5 көшеге асфальт төселеді

0
540

Көшелерінің бойына суағарлар қойылып, жаяу жүргіншілер жолы да салынады.


ТҮРКІСТАН: Келестік ауылда 5 көшеге асфальт төселеді

Келес ауданындағы Бірлесу ауылдық округінде 5 көше асфальтталып, ауыл іші абаттанады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданының Бірлесу ауылдық округіндегі 5 көше асфальттанып, 1 көшеге шағал төселеді. Сонымен қатар елді мекен көшелерінің бойына суағарлар қойылып, жаяу жүргіншілер жолы да салынады. Жоспарлы жұмыстардың қатарында ауылдық округінің елді мекендерін байланыстыратын облыстық маңызы бар автомобиль жолының жөндеу жұсыстары басталып кетті. Бұл туралы бүгін Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Алмас Сексенбаев Бірлесу ауылдық округінде өткен халықмен кездесуде мәлімдеді.


«Биыл есеп жаңа форматта өтуде. Бұрын әкімдер жылына 1 рет есеп берсе, биылдан бастап аудан, ауыл әкімдері тоқсанына бір рет елді мекендерді аралап, халықпен кездеседі. Мұндағы мақсат - өздеріңізбен кездесіп, қордаланған мәселелердің шешімін бірге атқару болып табылады. Тарихқа көз жүгіртсек Бірлесу ауылдық округі о бастан ауылшаруашылығы дақылдарын өндіруден озат өңірдің бірі болып келген. Сонымен қатар мұнда мал шаруашылығы да қатар дамыған. Келес ауданы қайта құрылғалған соң бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы осы Бірлесу ауылдық округінен бастау алды. Бұл жоба облыстық, Республикалық деңгейде насихатталып, бүгінде ауданымызда 316 шаруа осы жобаның жемісін көруде. Бұндай жобалар Бірлесуден шыққаны тектен-текке емес. Себебі мұнда еңбекқор халық өмір сүреді», - деген Алмас Икрамұлы өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, биылғы жоспарларды ортаға салды.


Есепті кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков, аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлім басшылары қатысты. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан инфрақұрылым, ағын су және білім саласына қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауаптарын алды.


Кездесу соңы жеке мәселесін арқалап келген тұрғындарды қабылдаумен жалғасты. Жеке қабылдауға жалылған тұрғынның бірі атаулы әлеуметтік көмек мәселесін алға тартса, тағы бір тұрғынды егінді жеріне баратын арықтың тазалануы бойынша сауал мазалады. Қойылған сұрақтарға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Алмас Икрамұлы жауап беріп, тиісті бөлімдерге тапсырма жүктеді.