Әлі де тың идеяларды іске асыруға ниетті.
Келес ауданының тұрғыны шағын трактор құрастырып шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Көкбұлақ ауылында қарапайым тұрғын шағын трактор құрастырып шығарды. Өнертапқыш Ахмед Шүкірұлы тракторды құрастыруға үш жыл уақыт жұмсаған. Ол қораның әр бұрышында жатқан жарамсыз техника бөлшектерін жинап қана қоймай, кәдеге асатындарынан шаруаға қажетті металл бұйымдарын іске асырудың нағыз шеберіне айналды.
«Ауылымыздың тұрғындары ауылшаруашылығы саласында еңбектенеді. Трактор алуға екінің бірі қол жеткізе бермейді. Бос уақытымда керексіз техникалардың басын қосып, трактор құрыстыруға кірістім. Құрылғымның қозғалтқышы Ваз – 2106 көлігінен алынған. Артқы мосты ГАЗ-53 және көптеген жарамсыз техникалардың материалдарын пайдаланылған. Айта кетерлігі бұл трактордың пайдаланған отын түрі газ және бензинді құрайды», - дейді өнертапқыш.
Бүгінгі уақытта трактор құрап шығарған Ахмед Шүкірұлы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне өз техникасымен қажетті жұмыстарды атқаруда.
Өнертапқыш бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра беруге, әлі де тың идеяларды іске асыруға ниетті.