Құран кітабы ХVІІІ ғасырда жарық көрген.
Кенесары ханның Құраны қалпына келтіріліп, Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне қойылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында елдің рухын көтеретін керемет жаңалықпен бөлісіп, әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын жеткізді.
«Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды», - деді Президент.
Жақында қазақтың қос алыбының қолының табы қалған Құран кітабын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, мүфтиятқа арнайы әкеліп салтанатты түрде табыстаған болатын.
Құран кітабы ХVІІІ ғасырда жарық көрген. Түпнұсқа қолжазбасы шығыстық қатты мұқабамен түптеліпті. Көлемі – 16х23 см, бет саны – 744. Кітап ақшыл-сары түсті беттен тұрады. Әрбір бетке 12 жолдан Құран аяттары жазылған. Құран қолжазбасы мен мөрлер бояуларының құрамына зерттеу жүргізу барысында олардың ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған бояғыш заттан жасалғаны анықталды. Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба...» деген жазу мен Ишанның мөрі бар. Қасына Кенесары ханның да мөрі басылған», – деп түсініктеме берілген. Құранның қандай ұқыптылықпен, көркемдікпен жасалғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Алдымен Марал ишанның, кейін Кенесары ханның қолында болған бұл Құран кітабы ұзақ уақыт бойы шетелдегі жеке адамдардың қолында болған көрінеді. Енді міне, Алланың қолдауы, ұлт жанашырлары – меценаттардың арқасында қасиетті кітап Қазақстанға қайтарылып отыр.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай кезінде: «Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», – деген болатын.
Бас мүфти атап өткендей, діни басқарма көне кітапты толық дезинфекциялап, реставрация жасатып, көшірмесін дайындау үшін Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табыстаған.
«Құнды жәдігер қалпына келтірілген соң, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады. Екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді қариларымызға оқытып, сауабын Кенесары хан мен Марал ишан бабаларымызға бағыштамақ ниетіміз бар. Бұл іс-шара дәстүрлі дініміздің мәртебесі артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген сенім мол. Ұлт мүддесі үшін күрескен кемел тұлғаларымызды, олардың елге сіңірген еңбегі мен ерлігін дәріптеу – біздің парызымыз», - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.