Алдағы екі жылда 2 инвестициялық жобаны іске аспақ.
Кентау қаласына өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 29,7 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау қаласына өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 29,7 млрд. теңгені құрады. Бұдан бөлек, өнеркәсіп өнімі – 41,3 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы өнім көлемі - 11,8 млрд.теңге, ал жалпы өңірдегі өнім көлемі - 70,3 млрд.теңгеге жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов мәлім етті.
Былтыр шаһарда құны 3 млрд. теңгені құрайтын жаңа 2 инвестициялық жоба – кірпіш зауыты мен темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылып, 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы екі жылда 2 инвестициялық жобаны іске аспақ.
«Кентау қаласы бойынша 2020-2025 жылдары өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында 943 адамды жұмыспен қамтитын 2 жобаны ашу жоспарланған. Олар - «Ансай кең орнының кендерінен барит концентратын өндіру» жобасы және бұрынғы Кентау кен байыту фабрикасының өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу өндірісін іске қосу жобасы. Қазіргі таңда Кентау қаласындағы индустриалды аймақта құны 3,3 млрд.теңгелік 250 жұмыс орнын қамтитын 6 жоба іске асырылған», - деді шаһар басшысы.
Инфрақұрылым бойынша Кентау қаласы кәріз жүйесімен 78% қамтылған. Орталықтандырылған электр желісімен шаһар толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда қаланы табиғи газбен қамту көрсеткіші - 14%-ды (2461 абонент) құраса, 2023 жылы 52%-ға жеткізу жоспарланған.
2023 жылы Кентау қаласының барлық көшелерін толық жарықтандыру жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысымен қаладағы ішкі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 86,7%-ға жетті. Биыл қаланың 3 көшесін жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, былтыр Кентауда және қалаға қарасты елдімекендерде 53 көше жөндеуден өтті. Электр жүйелерін жаңғырту және инфрақұрылымға қатысты өзге де жұмыстар қолға алынды. Қаланы дамыту жұмыстары жалғаса береді.