Цех иесі бұл кәсіпті алғаш 2015 жылы бастаған.
Кентаудағы тігін шеберханасы 1 айда 3 мың дана әскери киім тігуге тапсырыс алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Яғни, қоғамда адал еңбек етіп, жұмысқа деген сүйіспеншілік аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі. Осындай бақытқа ие болған жандардың бірі – кентаулық Жазира Аймаханова.
Бүгінде «MN Tex» тігін цехындаәскери киімнің 18 түрін тігіп шығаруда. Онда әскери адамдарға арналған бас киімнен бастап жазғы және қысқы киімдер тігіледі. Бүгінгі таңда бір айдың көлемінде 3 мыңға дейін тапсырыс алады. Көктем мезгілінен бастап тапсырыс көлемі ұлғаяды.
Цех иесі бұл кәсіпті алғаш 2015 жылы бастаған. Үйінде шағын бөлмесінде тапсырыспен әскери киімнің жағасы мен шұлығын тіге бастайды. Сұраныс артқан сайын, өнімнің сапасын да, түрілерін де жақсарта түсуді көздейді.
– Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Жолдасыммен осы тігін цехын үлкейтуді жоспарлап, өнім көлемін көбейте бастадық. Тұрғындарды тігіншілікке жұмысқа алдық. Өзім тігіншіліктен білім алғандықтан, соны өзімнің тігіншілеріме үйреттім. Осылайша әскери киімдерге сұраныс көбейе береді, –дейді кәсіп иесі.
Кәсіпорында 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Әрқайсысына әр киімнің бөлігін тігіп шығару бекітілген. Тапсырыстар тек Түркістан облысынан ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларынан беріліп жатыр. Өнімге қажет заттарды Қытай, Беларусь Республикасынан алдыртады. Алдағы мақсаты – тапсырыстың көбеюіне байланысты цехты ұлғайтып, жұмыс көзін арттыру.