Ұсыныстар бақылауға алынды.
Кентау қаласындағы қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалға байланысты тұрғындармен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың қатысуымен Кентау қаласындағы қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалға байланысты тұрғындармен кездесу өтті.
Қарнақ ауылында өткен басқосуда құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдік өкілдері халықпен бірге этнос өкілдері шоғырланған аудандарда ел арасындағы тұрақтылықты сақтай отырып, шиеленіске жол бермеу мәселелерін талқылады.
«Халық арасында түрлі шиеленіске алып келетін құқық бұзушылық әрекеттерді болдырмау мақсатында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Қазақстандағы Ақсақалдар институты, жастар көшбасшыларымен және қоғамда беделі жоғары, танымал азаматтармен еркін форматтағы кездесулерін өткізуді қолға алған жөн. Мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлері, қоғам белсенділері мен медиаторлардың қатысуымен этносаралық қатынастарды жақсарту, этномедиация тетіктерін тиімді жүзеге асыруға бағытталған оқыту семинарларын өткізуіміз керек», деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ Бейсен Тәжібаев аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім беретін сыныптарды көбейту, мектепте тәрбие беру мен толеранттылық сананы қалыптастыру мәселелеріне назар аудару қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары береке-бірлікті сақтау, ел ішінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік саясатты түсіндіру бағытында ой қозғап, медиациялық орта қалыптастыру үшін арнайы ақсақалдарға орын-жай белгілеп беруін өтінді. Ұсыныстар бақылауға алынды.