ТҮРКІСТАН: Кентаудағы әлеуметтік нысандардың құрылысы бақылауда

0
90

Кентау қаласы әкімдігінде арнайы мәжіліс өтті.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы әлеуметтік нысандардың құрылысы бақылауда

Кентауда бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Жұмыс сапары Қарнақ ауылында орналасқан құрылысы аяқталуға жақын Мәдениет үйі мен салынып жатқан спорт кешенін аралаудан басталды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары қала аумағындағы бірқатар білім беру және әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Атап айтқанда, №7 Кәсіптік колледж, №17 Ә. Науаи атындағы жалпы орта мектеп, «Дарын» мектебі, «Жұлдыз» балабақшасы және «Жансая» облыстық балаларды оңалту орталығы қамтылды.

Нысандарды аралау барысында Еркебұлан Әбілханұлы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Ол барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы тиіс екенін атап өтті.

Сапар аясында Кентау қаласы әкімдігінде арнайы мәжіліс өтті. Жиында облыстық басқарма басшылары қаладағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер бойынша есеп беріп, бірқатар түйткілді мәселелер талқыланды.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды күшейту, құрылыс саласындағы бақылауды жүйелеу, заңсыз салынған нысандарға қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін сапалы аяқтау тапсырылды.

Бөлісу