Жобаның болжалды құны –140 млрд. теңге.
Кентаудағы жылу энерго орталығын жөндеу, жаңғырту барысы пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Кентаудағы Жылу энерго орталығын жаңғырту жобасы бойынша кезекті кездесу өтті. Кездесуге «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің басшылығы мен жауапты басқарма басшылары қатысты.
Бүгінде «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жаңа газ турбиналы электр станциясын салу арқылы қолданыстағы Кентау ЖЭО-5 мекемесін кеңейту жобасын іске асыруда. Түркістан облысының әкімдігі, ҚР Энергетика министрлігі және «Қазақстандық Коммуналдық жүйелер» ЖШС арасында биылғы көктемде. үшжақты ниет шартына қол қойылған. Жобаның бастамашысы – «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл жобаның халық үшін маңызы зор әрі қатаң бақылауда екенін жеткізді. Жобаның есеп-қисабын дәл есептеп, міндетемелерді екшеп, нақты жоспар жасауды тапсырды. Бұл мәселеге алдағы уақытта да оралып, келісім нақтылана түсетінін айтты.
Жобаның болжалды құны -–140 млрд. теңге. Іске асыру кезеңі: 2024-2027 жж. Бүгінгі күнге дейін табиғи газға қосылудың техникалық шарттары алынды. Электр қуатын беру схемасын әзірлеу, топография және геологиялық зерттеулер, ТЭН әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылдың маусым айынан бастап «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС тарапынан №6 қазандықты демеуші ретінде кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Кентау Сервис» ЖШС тарапынан аталған жобаны МЖӘ тетігі арқылы жүзеге асыру үшін ақпараттық парағы жасалған. Кентау қаласының әкімдігі мен ЭжТҮКШ басқармасы тарапынан аталған жобаны МЖӘ тетігі арқылы жүзеге асыру үшін қорытынды жасалған.
Айта кетейік, Кентаудағы Жылу энерго орталығының жөндеу жұмыстары және қазандықтарын жаңарту мәселесі қатаң бақылауға алынған. Жылу энерго орталығындағы 8 қазандықтың екеуі қайта құрылды. Жылыту маусымы басталғанға дейін жылу энерго орталығындағы жалпы 6 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде Кентау қаласының жылу-энерго орталығын 4 бірдей қазандығы толықтай жаңадан орнатылады.