Оның 90%-ы электронды түрде жүзеге асқан.
Түркістан облыстық кірістер департаменті әкімшілік кедергілерді азайту үшін және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында электронды сервистердің аясын кеңейтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық кірістер департаменті 2022 жылдың 1 тоқсаны бойынша 414 616 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 90%-ы электронды түрде жүзеге асқан. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Елшібеков Еркін мәлімдеді.
«Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттік бюджет жоспары 108%-ға орындалды. Жергілікті бюджеттің осы жылға арналған жоспары бойынша нақты түсім 33 млн теңгені құрап, түсімдердің өсу қарқыны 140%-ға жетті. Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін облыс аумағында 17 аймақтық басқарма, кеден бекеттерінде жұмыс істейтін 7 қызмет көрсету орталықтары департамент тарапынан үнемі қатаң бақылауда. Барлық орталықтарда «Кеңес беру терезесі» бар», - деді Еркін Кеңесбекұлы.
Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер департаменті әкімшілік кедергілерді азайту үшін және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында электронды сервистердің аясын кеңейтуде. Мәселен, азаматтар арасында «E-Salyq azamat», «E-salyq Business» мобильді қосымшалары танымал бола бастады. Өткен жылы облыстың 100 мыңнан астам тұрғыны және 583 жеке кәсіпкер мобильді қосымшалардың көмегіне жүгінген. Мобильді қолданбада онлайн брондау, артық төлемдерді басқару, салық төлемдерін қарау және төлеу мүмкіндіктері қарастырылған.