Көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелерге жылу тұрақты берілуде.
Жылыту маусымының барысы Түркістан облысы әкімінің тұрақты бақылауында, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жылыту маусымының барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Марат Байгунусов айтты.
Басқарма өкілінің айтуынша, жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Облыстағы 7 аудан, қалаларда 24 орталықтандырылған жылу қазандықтары және 1 жылу электр орталығы бар. Облыс аумағында ауа райының сыртқы температурасы күрт төмендеп, орталық қазандықтардың осал топтары байқалған. Ол бойынша тиісті жұмыс жүріп, кемшіліктер жойылған. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелерге жылу тұрақты берілуде.
Жалпы облысқа 907,6 мың тонна көмір қажет болса, тасымалданғаны – 839,1 мың тонна (92%). Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 249,2 мың тонна көмір керек болса, тасымалданғаны – 234,1 мың тонна. Бюджеттік мекемелер қажетті 142,6 мың. тонна көмірмен қамтылған.
Тұрғындардың көмірге қажеттілігі (жылы жайлар мен жеке тұрғын үйлер) - 658,4 мың тонна. Аудан, қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес тасымалданғаны - 605,1 мың тонна (92%). Алайда, бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, жылыжайларға тағы қосымша 139 мың тонна (қаңтар, ақпан айларына) көмір қажеттігі анықталған. Қосымша жылыжайлар саны да артып отыр.
"Облыс көлемінде 26 көмір тасымалдайтын темір жол тұйығы бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан, қала әкімдіктері өз елдімекендерінде орналасқан темір жол тұйығы немесе база, склад, қоймаларға халықты тұрақты көмірмен қамтамасыз ету үшін көмір жеткізуші, сатушылармен тиісті жұмыстар атқарылуда. Рейд іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 2544 тонна көмір қоры бар. Оның ішінде: Сарыағаш – 1242, Созақ – 150, Түркістан – 600, Арыс – 414, Төлеби - 138. Кеше 46 вагон көмір түсті, нақтырақ айтсақ, Арыс – 18, Сарыағаш – 22, Манкент – 3, Түркістан - 3. Жалпы 215 вагон облысқа жеткізілу үшін жолға шықты", - деді М.Тұрсынбайұлы.
Айта кетсек, бүгін облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қатысуымен жылыту маусымының өту барысы және көмір жеткізудегі өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне жергілікті полициямен бірге делдалдардың, алыпсатарлардың жұмысын қадағалап, заң аясында шара қолдануды тапсырды.