Бірлік ауылдық округінде ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Келестегі Қосөткел ауылының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Келес ауданы бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның ішінде Бірлік ауылдық округінде ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Бүгінде Бірлік ауылдық округіне қарасты үш елді мекен – Бірлік, Жаңатіршілік және Қосөткел ауылдарында орталықтандырылған ауыз су құбырлары тартылып, тұрғындар сапалы таза ауыз сумен қамтылды.
Атап айтқанда, Қосөткел елді мекенінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен «Эска Строй Проект» мекемесі тарапынан жер асты суына барлау жұмыстары жүргізілді. Жер асты суы 1000 метр тереңдіктен шығарылып, ауыл аумағында «Омега» су тазарту құрылғысы орнатылды. Бұл құрылғы ауыл тұрғындарын сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
Биыл Жаңатіршілік елді мекенінде ауыз су ұңғымасынан алынған судың сапасына байланысты аудандық «Келес Қызмет» коммуналдық мекемесі тарапынан қосымша су тұнытқыш резервуар орнату көзделуде. Сонымен қатар қайта ұңғыма қазу мақсатында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ресми ұсыныс хат жолданды. Ал Үшағаш елді мекенінде ауыз су ұңғымасына қосымша су сүзгі (фильтр) орнату жұмыстары 2025 жылдың жұмыс жоспарына енгізілген. Бұдан бөлек, Қосөткел елді мекенін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, биыл құрылыс жұмыстары басталады.