Іс-шараның 1 тәулігінде облыс көлемінде 38 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, оның 31-і ізі суымай ашылды.
Түркістан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңірде Ішкі істер министрінің бұйрығымен 20-30 маусым күндері аралығында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстардың алдын алу, оның ішінде жасөспірімдер мен оларға қатысты құқықбұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын атқарады. Одан бөлек, заңсыз және тыйым салынған жарылғыш құралдарды, заттарды, оқ-дәрілерді, атыс және суық қаруларды, есірткі құралдарын сақтайтын және тасымалдайтын адамдарды анықтау; көші-қон заңнамасының сақталуы; іздеуде жүрген адамдарды ұстау; ішкі істер органдарында есепте тұратын адамдарды және қару иелерін мекен жайлары бойынша тексеру, олармен профилактикалық сауықтыру іс-шараларын жүргізу; саяжай, қараусыз қалған үйлер, жалдамалы пәтерлер, сондай-ақ шалғайдағы учаскелер, фермерлік және шаруа қожалықтарын тексеру жүзеге асырылады. Жалпы іс-шара барысында ауыр және аса ауыр қылмыстардың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Асқаров Ерлан айтып берді.
Спикердің айтуынша Полиция департаментінің бастығы Қабденов Мұрат Талапұлының бұйрығымен департамент аппаратының жауапты басқармалары қала, аудандарға шығып, жұмысты ұйымдастыру менәдістемелік көмек көрсетуге жауапты болып бекітілген. Іс-шараның 1 тәулігінде облыс көлемінде 38 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, оның 31-і ізі суымай ашылды. Профилактикалық есепте тұратын 1 065 тұлға мекен жайлары бойынша тексеріліп, барлығы 659 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтсақ, ұсақ бұзақылық жасаған 5азамат, ортақ пайдалану орындарын ластаған 94 тұлға, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкен 41 тұрғын мен түнгі уақытта қараусыз жүрген 68 жасөспірімге қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары орындалған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларына тікелей себеп болатын және соған алып келетін құқықбұзушылықтар бойынша көлік құралын мас халде басқарған 5 жүргізуші бойынша жинақталған құжаттар сот органдарына жолданып, автокөлікті қарама-қарсы бағытта басқарған 6 жүргізуші анықталған.
“Сіздермен бөлісетін тағы бір жаңалық – 2024жылдың 19 сәуірінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңда шегілмейтін темекі өнімдерін – вейптер, хош иістендіргіштер меноларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынған. Бұл тауарлардың айналымы бұдан былай ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы 1-бөлігінің қолданысына жатады және 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізуді, 200 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартуды не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді. Жеткізу мен өндіру үшін осы баптың екінші бөлігіне сәйкес, 2 мың АЕК-ге (дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не қоғамдық жұмыстарға 600 сағатқа дейін тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Егер ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының алғашқы екі бөлігінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ аса ірі мөлшерде немесе бірнеше рет жасаса, кінәлілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан Түркістан облысының барша тұрғындары мен қонақтарынан заңнаманың талаптарын білуді және мүлтіксіз сақтауды сұраймын”, - деді сөзін түйіндеген Ерлан Ержігітұлы.