ТҮРКІСТАН: Құрманбек Жандарбеков театры республикалық фестивальде жүлдеге ие болды

0
140

«Қайдасың, Гауһар?» драма спектаклімен қатысып, «Үміт» номинациясымен марапатталды.


ТҮРКІСТАН: Құрманбек Жандарбеков театры республикалық фестивальде жүлдеге ие болды

Құрманбек Жандарбеков театры Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалiнде жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл белгілі жазушы және балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Осы мерейтой аясында Өскемен қаласында 1-5 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалi өтті. Түркістан облысының Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры қаламгердің «Қайдасың, Гауһар?» драма спектаклімен қатысып, «Үміт» номинациясымен марапатталды.


Фестиваль көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған. Ауқымды шара аясында өскемендік театр сүйер қауым назарына еліміздің әр өңірінен келген театрлардың қойылымдары ұсынылды. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры.


Қойлыымды тамашалаған А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұжымы: «Жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты әңгімелері көпшілікке жақсы таныс. Ал, «Қайдасың, Гауһар?» повесін біреу білсе, біреу білмейді. Әр жазушының жүрек түбіндегі бір тақырыбы – махаббат. Бұл сезімді жазбаған жазушы жоқ шығар. Атының өзі адамды елең еткізер, 1966 жылы жарық көрген «Қайдасың, Гауһар?» шығармасы да осы махаббат туралы. Кітаптан оқыған шығарманың сахналанғаны тіпті қызықты болды» деп пікірін білдірді.


Спектакльде соғыс кезіндегі бір бозбаланың басынан кешкен махаббат хикаясы баяндалады. Басты кейіпкер Жәнібек тоғызыншыны бітіріп, мұғалімдік қызметін бастайды. Ол Гауһар есімді бойжеткенмен танысып, екеуінің араларындағы қимастық сезім махаббатқа ұласады. Бірақ соғыс, елдегі қиын ахуал екеуін табыстырмайды. Жәнібек сол күйі сүйгенін жоғалтып алады. Жүректе сағыныш, өкініш табы қалады.


Айта кетейік, фестиваль алдында аталған театр ұжымы еліміздің бас қаласы Астанаға гастролмен барған болатын. Онда Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында дәл осы драманы көпшілік назарына ұсынды. Бұдан бөлек арнайы тренинг ұйымдастырылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, театр режиссері Асхат Маемировтан дәріс алды.

Бөлісу