ТҮРКІСТАН: Құрылысы аяқталмай қалған 6 мектептің мәселесі талқыланды

0
550

Бүгінде 6 мектептің құрылысын кешіктірген мердігерлерге ескерту берілген.


ТҮРКІСТАН: Құрылысы аяқталмай қалған 6 мектептің мәселесі талқыланды

2021 жылы өңірдегі 78 мектептің құрылысына 18,9 млрд. теңге қаралған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Күн тәртібінде Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 78 мектептің құрылысы және жаңа оқу жылында құрылысы аяқталмай қалған 6 мектеп негізгі мәселе ретінде талқыланды. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Егентай Тәжібаев 2021 жылы өңірдегі 78 мектептің құрылысына 18,9 млрд. теңге қаралғанын, биыл 44 білім нысанын ел игілігіне беру жоспарланғанын жеткізді. Бірақ 1 қыркүйекте берілуі тиіс 17 жаңа мектептің 6-ауы мерзімінде тапсырылмаған.


Қоғамдық кеңес мүшелері жауапты басқарма өкілінен бұл түйткілдің себебін сұрады және қыркүйек айының соңына дейін мектептердің пайдалануға берілетіні туралы уәдесін алды. Бүгінде 6 мектептің құрылысын кешіктірген мердігерлерге ескерту берілген.


Сондай-ақ, білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы мәселелерді жасырмай айтып, шешу жолдарын қарастыру керектігін мәлімдеді. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында білім мен ғылымды дамытуға мән берілгеніне тоқталды.


«Еліміз үшін Түркістан өңірінің орны ерекше. Жол картасындағы тармақтардың көпшілігінде осы облыс қамтылған. Өңірде 900-ден астам мектеп бар. Оқушы саны жөнінен де өңір республикада алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан білім саласына басымдық беріп, деңгейін көтеруге күш салған жөн. Кезінде бұл аймақтан ұлы ғұламалар, ғалымдар шыққан. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар нәтижесінде білім сапасын көтеріп, Түркістаннан XXI ғасырдың Әл-Фарабиін шығаруымыз керек. Екіншіден, бір ғана басқарма үшін мыңға жуық мектепті, ұстаздар мен оқушылардың жағдайын жасау, бақылау өте қиын. Тағы да қосымша жобалық кеңесе немесе басқа жолын қарастыру қажет шығар. Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы ретінде мен ұсыныстар мен өтініштерді тыңдауға әрқашан дайынмын. Мәселен әлеуметтік желі және БАҚ арқылы өңірдегі бірқатар ауылдағы мектеп мәселесін көріп-біліп отырмын. Олар бойынша министрлікке нақты ұсыныстар беріліп, жұмыс жүргізіледі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.