ТҮРКІСТАН: Күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары пысықталды

0
91

2500-ден астам адамды әскерге жіберу жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАН: Күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары пысықталды

Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы жылдың көктемгі шақыртуда Түркістан облысынан 2500-ге жуық азамат әскерге аттанса, ал күзгі науқанға 2500-ден астам адамды әскерге жіберу жоспарланып отыр. Осыған орай 2025 жылдың күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары бойынша мәжіліс өтті.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен мәжіліске Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы, Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы және бейне селекторлық байланыс арқылы аудан-қала әкімдіктерінің орынбасарлары қатысты.


Жиын барысында күзгі шақырылымға дайындық, медициналық комиссиялардың жұмысы және әскери қызметтен жалтарған азаматтарды шақыру бекеттеріне жеткізу мәселелері талқыланды.


Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуанышбек Кулумбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ермек Өсербаев баяндама жасады. Жиында жауапты өкілдердің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.


Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға ескерту жасап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.


– Әскерге шақыруды ұйымдастыру жұмыстарының орындалуын аудан, қала жауапты әкім орынбасарлары қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Әскерге шақыруға дейінгі жастарды бастапқы әскери даярлықпен және әскери-патриоттық тәрбиелеумен қамту жұмыстары күшейтілсін. Жастар орталығы әскерге шақыру науқанына белсенді араласуы қажет. Сонымен қатар жастарға әскери қызметтің беделі мен артықшылықтарын кеңінен насихаттап, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру қажет, – деген Зұлпыхар Сансызбайұлы тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Бөлісу