Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың құқықтары мен денсаулығын сақтай отырып, заң аясында жүзеге асырылатын болады.
Әскери есепте тұрған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары 1 қыркүйекте басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына және Түркістан облысы әкімінің Қаулысына сәйкес, өңірдегі жергілікті әскери басқару органдарында әскери есепте тұрған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары 1 қыркүйекте басталады. Мерзімді әскери қызметке шақырылатын жастар Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жасы 18-ге толған және әскери қызметке жарамды болуы қажет. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев айтты.
Оның айтуынша, қазір аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер жергілікті атқарушы органдармен, ішкі істер органдарымен және облыстық денсаулық басқармасымен бірлесіп, әскер қатарына шақыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін шамамен 2,5 мыңға жуық шақырылушы өз борышын өтеу үшін әскери қызметке жіберіледі. Олар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерінде, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, ҚР Ұлттық ұланында, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде әскери борышын өтеуге аттанады.
- 2025 жылғы күзгі шақыру науқанында Түркістан облысына берілген жоспар өткен жылғымен салыстырғанда сапасы мен саны жағынан жоғары. Атап айтқанда, ҚР Қарулы Күштеріне – 1000-ға жуық, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 350-ден астам, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 35, ҚР Ұлттық ұланына – 900-ден аса, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарына – 30 жас жіберіледі. Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың құқықтары мен денсаулығын сақтай отырып, заң аясында жүзеге асырылатын болады. Дайындық жұмыстарының негізгі бағыттарына тоқталар болсақ: 2025 жылдың шілде және тамыз айларынан бастап шақырылушылармен алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізілді; Әрбір шақырылушының денсаулығы, білімі және моральдық-психологиялық жағдайы ескеріліп, олар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қажеттіліктеріне қарай тағайындалды; ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV Заңының 30-бабына сәйкес, шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету міндеті ішкі істер органдарына жүктеледі. Бүгінде көптеген шақырылушы азаматқа Отанды қорғаудың қасиетті парыз екенін түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Әскери борышты өтеу жауапкершілігін арттыру мақсатында үгіт-насихат шаралары кең көлемде жүргізілуде. Атап өтсек, Түркістан облысының қалалары мен аудандарында әскерге шақыру тақырыбына арналған билбордтар мен баннерлер орнатылды; Бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда әскери өмірге арналған мақалалар, бейнероликтер жариялануда; Әскери ардагерлердің, соғыс қимылдарына қатысушылардың, діни конфессия өкілдерінің қатысуымен облыстық әкімдікте жастарды әскерге шақыру тақырыбында кеңес өткізілді; Имамдарға мешітке келетін жастарға Отан алдындағы борышын өтеудің маңызын түсіндіру тапсырылды, - деді Жандос Тынымбекұлы.
Сондай-ақ, жастардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында ҚР Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі №347 бұйрығына сәйкес, Түркістан облысының оқу орындарында «Ерлік сабақтары» ұйымдастырылып жатыр екен. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметін өткерген сарбаздарға бірнеше білім алу жеңілдіктері қарастырылған. Олар: әскери қызметтен кейін екі жыл ішінде ҰБТ нәтижесінсіз әңгімелесу арқылы ақылы негізде ЖОО-ға түсу мүмкіндігі; Үздік әскери қызметшілерге мемлекеттік грант негізінде тегін жоғары білім алу мүмкіндігі; Емтихансыз грант негізінде ЖОО-ның әскери кафедрасына түсу; Үздік әскери қызметшілерге ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына ҰБТ нәтижесінсіз түсу мүмкіндігі.
- Әскери қызмет тек қару-жарақты меңгеруге ғана емес, денені шынықтырып, рухани жігерді нығайтуға мүмкіндік береді. Әрбір азамат Отан қорғау – қасиетті парыз екенін ұғынуы тиіс. Сонымен қатар, әскери қызметтен жалтару заң бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін түсіну маңызды. Әскерге шақыру науқаны ашық форматта жүргізіледі. Қажетті ақпарат алу үшін әрбір азамат қорғаныс істері жөніндегі департаментке, басқармалар мен бөлімдерге жүгіне алады. «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар және электрондық пошта арқылы да кеңес алуға болады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін ақша арқылы шешуді ұсынатын адамдарға сенбеу қажет. Олар – заңсыз жолмен пайда табуға тырысатын алаяқтар. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, дереу «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне немесе сенім телефонына хабарласуыңыз қажет, - дейді департамент басшысының орынбасары.