ТҮРКІСТАН: Қыздарына қорлық көрсеткен өгей ананың үйінен қан жұққан киімдер табылған

0
9 064

Жетісайда қыздарын қорлаған өгей ананың үйін тінтіген полицейлер түрлі айғақты заттар тапқан.


ТҮРКІСТАН: Қыздарына қорлық көрсеткен өгей ананың үйінен қан жұққан киімдер табылған

Иллюстрациялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден алынды

Полиция өгей шешенің жеке заттарын тінту барысында арнайы жоспарлары жазылған қойын дәптері мен қыздарды қинауда қолданылған құралдар табылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қыздардың туыстарының айтуынша, кәмелет жасқа толмаған қыздар ауруханаға түсіп, ем-дом қабылдау шаралары басталған соң, яғни, 13.04.2019 жылы үйге өгей ананың жеке заттарына тінту жүргізген полиция қызметкерлері жатын бөлмеден өгей қыздарын қорлау, тәртіп бұзған жағдайда жазалау түрлері, күнделікті атқаруға тиіс жұмыстары жазылған қойын дәптер мен қыздарды қинауда пайдаланған түрлі саймандардың, таныс-бейтаныс дәрілер табылған.
Олардан бөлек қанға боялған қыздардың киімдері, төсек жабдықтары да табылғанын айтады қорлық көрген қыздардың туыстары.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Жетісай ауданында кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі үш қызды өгей шешелері ұрып-соғып, қорлық көрсеткені туралы жарияланған болатын.

Сонымен қатар, аталған жайт бойынша 2019 жылғы 11 сәуір күні орта мектеп директоры аудандық білім бөліміне аталған мектепте оқитын кәмелет жасқа толмаған апалы-сіңлі үш қызда дене жарақаты бар екені хабарланған. 12 сәуір күні аудандық полиция бөлімінің тарапынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 140 бабы, 2 тармағы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.

Қазіргі таңда балалар Жетісай аудандық орталық ауруханасында дәрігерлер қарауында. Олардың денсаулығы мен өміріне еш қауіп жоқ.

Аталған істі Облыс прокуроры өз бақылауына алғанын хабарлаған еді.