ТҮРКІСТАН: Мақта теріміне дайындық жұмыстары пысықталды

0
86

Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.


ТҮРКІСТАН: Мақта теріміне дайындық жұмыстары пысықталды

Түркістан облысында мақта теру науқанына дайындық жұмыстары пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, мақта науқаны барысында туындауы мүмкін өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, зауыттар мен қабылдау бекеттерінің жұмысына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мақта саласындағы өзекті мәселелерін талқылау мақсатында жиналыс өткізді. Мәжіліске аудан әкімдері, диқандар, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.


Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың мәлімдеуінше, биыл ауданда 116,2 мың тонна мақта жиналады деп күтілуде. Күзгі терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 комбайн дайындалған. Жетісай өңірінде 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекеті орналасқан.


Шардара ауданы әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов аудандағы 16 814 га мақталықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отырғанын айтты. Қазіргі таңда ауыл округтерінде мақта қабылдау бекеттерінің дайындығы пысықталуда.


Мақтаарал ауданында егілген мақта алқабы 35,1 мың гектарды құрайды. Диқандардың болжамы бойынша, гектарынан 27,1 центнер өнім жиналмақ.


Мәжіліс барысында шаруалар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта өңдеу зауыттарының өкілдері де проблемаларын баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.


Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдіктеріне шитті мақтаны сатып алуға немесе терең өңдеуге инвестор тарту қажеттігін ескертті. Сонымен қатар мақта зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін саралап, мақта қабылдау қуаттылығы бойынша нақты болжам ұсынуды тапсырды.


– Шаруалардың құқығын қорғау үшін бірыңғай сату-сатып алу келісімшарт үлгісімен жұмыс жүргізуді тапсырамын. Келісімшартта қаржы төлеу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс. Ортақ жұмысты күшпен емес, ақылмен атқарайық, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бөлісу