ТҮРКІСТАН: Мақта түту цехтарының өнімдеріне сұраныс жоғары

0
1 278

Кәсіпорындар ауа-райына қарамастан тапсырыстарды орындап жатыр.


ТҮРКІСТАН: Мақта түту цехтарының өнімдеріне сұраныс жоғары

Мақтаарал ауданы, А.Қалыбеков ауылдық округіндегі мақта түту цехтарының өнімдеріне сұраныс жоғары, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандық БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданы, А.Қалыбеков ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары барысында шағын мақта түту цехтарының жұмыстарымен танысты. Ең алдымен тілшілер қосыны "Қуаныш" тігін цехына барды. 70 жастағы зейнеткер Сұлу Айнабекованың басшылығындағы цех мақта түту жұмыстарын қоса атқарады. Бастапқыда өзінің жеке қаржысы арқылы кәсіпкер 2012 жылы жұмысын бастап, кейіннен мемлекеттік бағдарлама арқылы 5 миллион теңге жеңілдетілген пайызбен несие алып, қосымша станоктарды сатып алған. Кәсіпкер отбасылық бизнесіне туықсандарынан бөлек тағы 4 адамды жұмысқа қабылдаған. Негізінен жұмысқа тапсырыс жаз айларында қыза түседі екен. Қазіргі таңда Мақтаарал, Жетісай аудандарының бала-бақшаларынан мыңға жуық матрастар мен жастықтарға тапсырма берілген. Цех қысқы ауа-райына қарамастан осы тапсырыстарды орындап жатыр.


Сонымен қатар, БАҚ өкілдері Құралай Қосжанованың басшылығындағы "Құралай" мақта түту цехында болды. 2002 жылдан бері жұмыс жасайтын шағын кәсіпорын отбасылық бизнес ретінде ашылған. Мақта түту цехы жылына 1000 тоннаға жуық мақтаны өндіре алады. Бұл қызметке сұраныс жақын маңдағы барлық елдімекендерден түседі. Құралай ханым қосымша қыз жасауларына арнап құрақ көрпелер тігеді екен.


Айта кетейік, А.Қалыбеков ауылдық округінде 2021 жылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз грант алуға 25 азамат құжат тапсырып, 200 есептік айлық көрсеткіш көлемінде грант қаржысын алып, кәсіптерін жүргізуде. Аталған 25 азамат 42 адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, "Ырыс" МКҰ арқылы 3 кәсіпкер мал шаруашылығын жүргізу мақсатында 13,2 миллион теңге көлемінде несие алып, мал санын көбейткен.