ТҮРКІСТАН: Мақта зауытындағы жұмысшылардың құқығы мен сапалы еңбек етуі тұрақты бақылауда

0
111

Кеңеске қатысушылар алдымен өндіріс кешенін аралап, жұмысшылармен пікірлесті.


ТҮРКІСТАН: Мақта зауытындағы жұмысшылардың құқығы мен сапалы еңбек етуі тұрақты бақылауда

Отырардағы мақта зауытындағы жұмысшылардың құқығы мен сапалы еңбек етуі – тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінде» алқалы кеңес өтті. Жиынның мақсаты – қолданыстағы заң талаптарының, сондай-ақ, өндірісте техникалық және өрт қауіпсіздіктерінің сақталуын, әлеуметтік-еңбек қатынастарының жағдайын саралау, еңбек жағдайын талдап, жұмыс күшін бақылау.

Кеңеске қатысушылар алдымен өндіріс кешенін аралап, жұмысшылармен пікірлесті. Алқаптарда орналасқан базалардың санитарлық-тұрмыстық ахуалын тексерді.

Қазіргі таңда өндірістік кешеннің мақта алқабы 16 секторға бөлінген. Әр секторда жұмысшылар үшін жатын орны мен асханалар жасақталған. Зауыт аймағында жатақхананың 4 ғимараты қолданысқа берілген. Жұмысшылар 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.

«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС өкілінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мұнда 700-ден астам азамат жұмыс істейді.

Кеңес отырысында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тілемисов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Закриддин Алимкулов сөз алып, бірқатар ұсыныстар енгізді.

Алқалы басқосуда экологиялық тұрақтылық пен топырақтың жай-күйі де талқыланды.

Нұрбол Тұрашбеков өрт қауіпсіздігіне баса көңіл аудару қажеттігін ескертті.

– Инвестициялық жобаның жұмыс барысында туындаған өзекті мәселелерін біз апта сайын қарап, заң аясында шешілуіне өздеріңізбен бірге күш салып келеміз. Ал, арнайы кеңес өткізудегі мақсат – бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауға алу, жұмыс берушінің де, жұмысшының да құқығын сақтау, орын алған кемшіліктер болса, мерзімінде қалпына келтіруге ықпал ету, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Талқылау қорытындысымен нақты тапсырмалар белгіленді. Инвестициялық жобалар қызметінің заңға сәйкес атқарылуы әр айда өтетін кеңес отырыстарында тұрақты қаралатын болып келісілді.

Бөлісу