ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

0
2 055

Бір күндік жәрмеңкеде мақтааралдық 30 жас тұрақты жұмысқа орналасса, тағы 50 тұрғын бос жұмыс орындарына жолдама алды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Мақтааралда халық саны аз қоныстанған Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар қалаларының бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент кентінде орналасқан «Достық» мәдениет үйінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкеге «NurOtan» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты.

Мұнда мақтааралдықтарға Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар қаласындағы медицина саласы мен аспазшы, токарь, тігінші және дәнекерлеуші мамандықтары бойынша бос жұмыс орындарына ваканциялар ұсынылды.

300-ге тарта тұрғын қатысқан жәрмеңкеге 200 жас пен 20 пробация есебінде тұратын азаматтар қатысты.

Сонымен қатар, аталмыш шарада 3 ай бойы кәсіпкерлік негіздері бойынша қысқа мерзімде дәріс оқып, білімдерін шыңдаған 127 азаматқа арнайы сертификаттар табысталды. Халқы аз қоныстанған өңірлердегі бос жұмыс орындарының тізімі мен бағдарламалардан тыс ауданда жаңадан ашылған жұмыс орындары халық назарына ұсынылды.

Жәрмеңке барысында аудандағы пробация қызметі есебінде тұрған 30 азамат пен 120 мүмкіндігі шектеулі жанға бағдарлама шеңберінде және «Халықты жұмыспен қамту» Заңына сәйкес жұмыспен қамту шаралары көрсетілгендігі туралы түсіндіріліп, алдағы уақытта аталған санаттағы азаматтардың тұрақты жұмысқа орналастырылатыны айтылды.

Бір күндік жәрмеңкеде мақтааралдық 30 жас тұрақты жұмысқа орналасса, тағы 50 тұрғын бос жұмыс орындарына жолдама алды.