Бүгінде аталған 6 жоба іске қосылып, өз жұмыстарына кірісіп отыр.
Мақтаарал ауданы әкімі Бақыт Асанов ауыл шаруашылығы бойынша іске асырылған құны 150 миллион теңгені құрайтын 6 жобаның жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Халықты жұмыспен қамту үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып құны 1 миллиард теңгеден астам 26 жоба аудан әкімдігі тарапынан әзірленіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылған. Соның ішінде 6 жоба іске қосылып үлгерді.
Мақтарал ауылдық округінде орналасқан «Хамро ата» шаруа қожалығының төрағасы Абдужалил Боев 5 гектар жерге алма бағын өсіріп отыр. Сондай-ақ, "Вита фреш" жеке кәсіпкерлігінің басшысы Равиль Хасанов 6,6 гектарға, "Весна" шаруа қожалығының басшысы Батыр Хайдаров 5 гектар жерге және "Отан ана" шаруа қожалығының басшысы Данияр Ажикабулов 7 гектар жерге пленка астында егу технологиясын қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу әдісін ендірген. Ал, "Сракулова" жеке кәсіпкерлігінің басшысы Айгул Сракулова 2600 бас қаз бақса,"Хасан" жеке кәсіпкерлігінің басшысы Хасан Алланазаров 50 бастық мал бордақылау алаңын іске қосты.
Жүзеге асырылған жобалардың барлығымен танысып шыққан аудан басшысы ашылған кәсіпті әрі қарай өркендетіп, қосымша жұмыс орындарын ашу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, халықтың әлеуетін көтеретін осындай жобаларды көбейту үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына арнайы тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы саласында іске асырылған жобалармен танысып болған аудан әкімі Б.Асанов келесі кезекті ПУИД-2 жобасының І кезеңі бойынша жасалып жатқан жұмыстарды шолып шықты.
Жобаның І кезеңі бойынша құрылыс жүргізу үшін әзербайжандық "Акилик Груп" компаниясы 10,086 миллиард теңгені жеңіп алған. Компанияның директоры Илхам Мамедов, ал жоба жетекшісі Павел Грасмик. Жалпы құрылыс жұмыстары 30 айға жоспарланып отыр.
І кезең аясында Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты ұзындығы 147,18 шақырымды құрайтын К-11, К-13, К-13А каналдары тармақтарымен бірге, 49 дана тік дренаж бен ұзындығы 191,6 шақырымды құрайтын су қашыртқылары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ, аудан орталығы Мырзакент кентінің 4 дана тік дренаждарын жөндеу де қамтылмақшы.
Жоба жүзеге асқанда Еңбекші ауылдық округінің 5350 гектары, Жаңажол ауылдық округінің 2650 гектары және Мырзакент кентінің 8000 гектар аумағы жер асты суларынан тазаратын болады.
Айта кетейік, жалпы Мақтаарал ауданында ПУИД-2 жобасы 39796 гектар аумақты қамтып, 3 кезең бойынша жүргізіледі. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келетін болады.