Бұл нысан ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына үлкен мүмкіндік береді.
Мақтааралда шағын елді мекенде спорт және балалар ойын алаңшасы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданына қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі 550 тұрғыны бар Өркен ауылында заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтті. Ауыл халқы көптен күткен нысанның пайдалануға берілуі тұрғындар үшін ерекше қуанышқа айналды.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Өз сөзінде Бижан Шералыұлы шағын ғана ауыл болғанымен, Өркен елді мекенінде халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, ауылда мектеп, балабақша, табиғи газ, ауыз су, жол секілді негізгі инфрақұрылым толық тартылған. Енді, міне, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты түрде шұғылдануына мүмкіндік беретін жаңа спорттық нысан іске қосылып отыр.
Жаңа нысан бірнеше бөліктен тұрады. Атап айтсақ, тұрғындар үшін заманауи талапқа сай қоршалған кіші футбол алаңы салынған. Жасанды көгал төселген алаң кешкі уақытта да пайдалануға қолайлы болуы үшін жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда волейбол алаңшасы да бар. Балаларға арналған түрлі ойын құрылғылары орнатылып, сырғанақтар, әткеншектер, өрмелеу және жаттығу нысандары қойылған. Спортпен шұғылданушылар үшін воркаут алаңы қарастырылып, тұрғындардың демалып, уақыт өткізуіне арналған орындықтар мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Алаң аумағы толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Бұл нысан ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына үлкен мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, елді мекенге жасалып жатқан игі істер үшін ризашылықтарын білдірді.
Ақсақалдар ауыл балалары үшін мұндай нысандардың маңызы зор екенін айтып, игі бастамаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің 2006 жылғы түлектерінің 20 жылдық кездесуіне орай ауыл жастарының арасында кіші футболдан турнир өтіп, ауыл тұрғындарына ас берілді.
Айта кетейік, жаңа спорт және ойын алаңшасы төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі әкімдігі тарапынан салынды. Жоба ауыл тұрғындарының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, бүгінде көпшіліктің игілігіне табысталды.


