ТҮРКІСТАН: Мақтааралда жүк көліктерінің қозғалысын шектейтін арка орнатылды

0
63

Арканың ені 9 метрді, ал биіктігі 3 метрді құрайды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда жүк көліктерінің қозғалысын шектейтін арка орнатылды

Мақтааралдағы көпірге ауыр жүк көліктерінің қозғалысын шектейтін арка орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы КХ-19 республикалық маңызы бар автомобиль жолының «Достық» каналының үстінен өтетін көпірге арнайы қорғаныш аркасы орнатылды. Аталған шара көпірдің техникалық жағдайының қауіпті деп танылуына байланысты қолға алынды.


Мамандардың қорытындысына сәйкес, көпірдің көтеру қабілеті шектеулі болғандықтан, ауыр салмақты жүк көліктерінің өтуі құрылымға айтарлықтай қауіп төндіреді. Көпір арқылы үлкен жүк көліктерінің қозғалысын шектеу мақсатында арнайы арка қойылды. Арканың ені 9 метрді, ал биіктігі 3 метрді құрайды. Бұл өлшемдер биіктігі мен көлемі үлкен көліктердің көпірге жақындамай тұрып кері қайтуына мүмкіндік береді.


Сонымен қатар жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысын реттеу мақсатында көпірдің қауіпті жағдайда екенін ескертетін, сондай-ақ жүк көліктерінің өтуіне шектеу қоятын арнайы жол белгілері орнатылды. Белгілер халықаралық стандарттарға сай орналастырылып, түнгі уақытта да жақсы көрінуі үшін жарық шағылыстыратын элементтермен жабдықталған.


Жауапты мекемелердің мәліметінше, бұл уақытша қабылданған қауіпсіздік шаралары көпірді толық тексеріп, тиісті жөндеу немесе қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгенге дейін қолданыста болады. Қазіргі таңда көпірдің жағдайы бақылауға алынған.


Жергілікті билік өкілдері мен жол қызметі жүргізушілерді жол белгілеріне мұқият қарап, белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады. Бұл адам өмірі мен жол қауіпсіздігін сақтау үшін бағытталған.

Бөлісу