Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді.
Мақтааралда жылына 80 мың тонна мақта талшығын өндіретін зауыт ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында жылына 80 мың тонна мақта талшығын өндіретін «Жанасыл» зауыты ресми түрде іске қосылды. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, өндіріс орнының ашылуымен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтады.
«Ауданымыздың даму стратегиямызда инвестициялық жобаларға басымдық беріп отырмыз. 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 млрд. теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде мақта-тоқыма кластерін дамытуда жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 млрд. 862 млн. теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда. Бүгінгі ашылып отырған зауыт – сол жобаларымыздың бірі. Ендеше, жаңа өндіріс орнының ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз бай және бақуатты бола берсін!» деді Бақыт Насырханұлы.
Бүгінде зауыттың Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы 13 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Жиын-терім науқаны басталғалы 41 мың тонна «ақ алтын» жинап үлгерген. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда. Айта кетейік, аталған зауыт жанынан тамшылатып суғару таспасын шығаратын және мақта тұқымын өндіретін екі өндіріс орнының құрылысы да жүріп жатыр.
Тамшылатып суғару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Ал мақта тұқымын өңдеу зауытының құны да 1,5 млрд. теңгені құрап, 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылады.