Биыл Марокко шегірткесіне қарсы облыс бойынша барлығы 271 575 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланды.
Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен, ауыл шаруашылығы өкілдері, аудан әкім орынбасарлары және шегірткемен күрес жөніндегі штаб мүшелерінің қатысуымен шегірткеге қарсы күрес мәселесі талқыланды.
Аса қауіпті Марокко шегірткелеріне қарсы 2024 жылы атқарылатын жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру бойынша ҚР АШМ АӨК МИК Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшылығы және «Болжам орталығы» РМК өкілдері баяндама жасады.
2024 жылы облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің өкімімен штаб құрылды. Осының негізінде барлық аудандар мен қалаларда тиісті штабтар құрылып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Биыл Марокко шегірткесіне қарсы облыс бойынша барлығы 271 575 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланды. Оның ішінде 162 119 гектарын жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, 107 350 гектарын әуемен, 706 гектарын аспалы бүріккішпен, 1 400 гектарын ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңдейді.
Жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен 162 119 га алқаптағы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге комитет тарапынан өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен Арыста – 17 150 га, Келесте – 16 650 га және Сарыағаш ауданында – 17 300 га алқапта, барлығы 51 100 гектарда «Satti tulik» ЖШС жеңімпаз болып табылды.
Сонымен қатар Бәйдібекте – 4 890 га, Қазығұртта – 8 228 га, Ордабасыда – 7 113 га, Отырарда – 450 га, Сауранда – 3 757 га, Төлебиде – 1 372 га, Шардарада – 4 150 га, барлығы 29 960 га аумақта химиялық өңдеу жұмыстарын «Защита растений-К» ЖШС жүргізеді.
Химиялық өңдеу жұмыстары облыс бойынша сәуір-мамыр айларында жүргізіледі және осы жұмыстарды атқаруға 74 дана жер үсті желдеткіш бүріккіш техникасы жұмылдырылады.
Ал, әуемен 107 350 гектарда 6 дана АН-2 ұшағының қатысуымен химиялық күрес шаралары жүргізіледі. Бүгінгі таңда комитет тарапынан әуемен химиялық өңдеу жұмыстарына жүргізілген мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы негізінде Арыста – 18 500 га, Келесте – 29 550 га, Сарыағашта – 20400 га, барлығы 53 675 гектарда өңдеу жұмыстарын «Авиакомпания «Дельта-Юг» ЖШС жүргізеді.
«Мамандардың айтуынша, күн ыси сала қаптап кететін шегірткеге қарсы күресті күшейтпесе, өте жылдам көбейетін ол кейіннен бой бермей кетуі мүмкін. Осыған байланысты облыста аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын қазірден бастап күшейтуіміз қажет», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитариялы іс-шаралар 10 ауданның 53 ауыл округтерінде жүргізіледі.
Аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында, инспекция тарапынан 42 мемлекеттік инспектор мен 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылады.