Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасын құю, 1-ші және 2-ші қабаттың кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталды.
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Ордабасыда балалар музыка мектебі салынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат бүкіл ел бойынша жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталуда.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында балалар музыка мектебінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Нысанның құрылысына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетімен және республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 2025 жылға арнаулы мемлекеттік қор есебінен 889,2 млн.теңге қаржы қаралды.
Нысанның құрылысы осы жылдың сәуір айында басталды. Құрылыс жұмыстарын Түркістан облысының құрылыс басқармасының тапсырысымен «Намыс» ЖШС жүргізуде.
Жоба бойынша балалар музыка мектебінде 150 көрерменге арналған концерт залы, топтық үйірмелермен айналысатын кабинет, дайындық залы, халық аспаптарына арналған 2 кабинет, ән жазу студиясы, демалуға арналған кабинеттер, гардероб және 8 орынға арналған кітапхана залы қарастырылған.
Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасын құю, 1-ші және 2-ші қабаттың кірпіш қалау жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар ішкі баспалдақтардың бетоны құйылып, қабатаралық плиталары орнатылды. Шатыр жабу жұмыстары аяқталып, инженерлік жүйелері толығық тартылды. Ал, сыртқы инженерлік жүйелеріндегі жұмыстар 90%-ға орындалған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, нысанның құрылыс жұмыстары 75 %-ға орындалды. Ғимаратты осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында.