ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды

0
63

Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу жылдық жоспары 339,7 млрд теңгені құрап, 117 мыңнан астам тармақты қамтыған.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды

Түркістан облысы әкімдігінде мемлекеттік сатып алу саласында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, 2026 жылға арналған жоспарлар қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аппараттық мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.


– Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде орын алған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдап, қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру қажет. Облыста мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өз мерзімдеріне өткізуді, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітуді, жүйелі түрде заңнаманы бұзатын аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалар бойынша рейтинг әзірлеп, ай сайын нәтижесін баяндауды тапсырамын. Бюджетті ел мүддесіне сай тиімді жұмсап, өңірдің проблемаларын шешу бойынша нақты жұмыс жүргізіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.


Мәжілісте облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақәділ Сатыбалды баяндама жасап, өңірдегі сатып алу рәсімдерінің жай-күйі мен анықталған заңбұзушылықтар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу жылдық жоспары 339,7 млрд теңгені құрап, 117 мыңнан астам тармақты қамтыған. Оның 60 пайыздан астамы облыстық басқармаларға тиесілі.


2026 жылға облыстың мемлекеттік сатып алу жоспары 219,1 млрд теңгені құрап отыр. Алдағы кезеңде басқарма тарапынан сатып алуларға тұрақты мониторинг жүргізу, бәсекелестік тәсілдерді кеңейту, отандық және жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру, сондай-ақ заңбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту жоспарланған.

Бөлісу