Экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету, инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралып, келіссөздер жүргізілді.
Түркістан мен Үндістан арасында туризм, ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларында әріптестік орнату жолдары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуде әріптестікті нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету, инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралып, келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Түркістанның тарихи мәніне тоқталып, инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.
– Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік сипатында дамып, экономика, қорғаныс және мәдениет салаларын қамтиды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3,8 млн АҚШ долларын құрады. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ұлы тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Үндістанда Тәж-Махал кесенесі бар. Осы ретте біздің халықаралық әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып, әуе рейсін ашу жолын қарастыруды ұсынамыз. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Мұнда 20 индустриалды аймақ және аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, оның қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен жобаларын барынша тиімді іске асыруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар біз «Шағын өнеркәсіптік парктерді» дамытуды жалғастырамыз. Түркістан облысы – еліміздегі ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Мұнда тарихи және мәдени ескерткіштер, әсем табиғи ландшафттар және сауықтыру орындары шоғырланған. Біз шетелдік компаниялардың өңірде жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангал туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытты.
– Түркістан мен Шымкенттің туристік орындарын аралауға болатын арнайы турпакет әзірлеуді ұсынамыз. Өйткені Түркістан өңірінде тарихи және туристік орындар көп екенін білдік. Тарихи шаһар өте ұнады. Екіншіден, біздің елде тоқыма мен мақта кластері жақсы дамыған. Осы бағыттағы жобаларды қарастыруға дайынбыз. Индустриалды аймақтар, инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы толық мәлімет алып, әріптестікті нығайтуға күш саламыз, – деді елші.


