ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі жан кәсібін дөңгелетіп отыр

0
566

Айына 1 тоннаға дейін өнім дайындай алады.


ТҮРКІСТАН: Мүмкіндігі шектеулі жан кәсібін дөңгелетіп отыр

Шардара ауданында 70 адам өз кәсібін ашқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Былтырғы жылы Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында 4 отырыс өтіп, өтінім берген 180 азаматтың 130-ның құжаты мақұлданып, мемлекеттік грант берілген. Ал, биылғы жылы 91 адамнан келіп түскен өтінімдердің 70-і мақұлданып, қаржы алған азаматтар өз кәсіптерін ашып жұмыстарын жасап жатыр. Сала мамандарының мәліметінше былтырғы жылы мемлекеттік қайтарымсыз қаржы алғандардың басым бөлігін мал шаруашылығымен айналысатындар құраса, биылғы грант иелері нан өнімдерін өндіруді қолға алып отыр. Осы айдың өзінде тағы 47 азаматтан өтінім түсіп, қосымша 30 адамның бизнес жобасы мақұлданған. Комиссияның келісімін алғандардың 7-і мүмкіндігі шектеулі жандар болса, 23-і 29 жасқа дейінгілер.


«Грант қаржысын алған күннен бастап жұмыспен қамту орталығы 12 айдың ішінде бір рет мониторинг жұмыстарын жүргізуге құқылы. Былтырғы қаржы алғандарына да, биылғы алғандарына да орталық мамандары тарапынан мониторинг жасалды. Ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады. Мемлекеттің қаржысы бақылаусыз болмайды, әрбір тиыны мақсатты жұмсалуы тиіс», - дейді Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нартай Майханов.


Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға ниеттілердің қатарында мүмкіндігі шектеулі, ІІІ топ мүгедегі Ғалия Жолдасова да бар. Кезінде тігіншілікпен де, аспаздықпен де айналысқан ол енді үй жағдайында тұшпара түюді қолға алып отыр. Айына 1 тоннаға дейін өнім дайындай алады. Қазірдің өзінде отбасылық бизнесті жөнге қойған азаматша кәсібін кеңейтуге ниетті.


«Мен дұңған мантысын, пельмен, вареники түйемін, қысты күндері голубцы істеймін. Барлығы қолжетімді баға, өтіп жатыр. Сұраныс өте көп менде. Магазиндерім де көп менде өткізетін. Совхоздардан да келіп алып кетіп жатыр. Адамдарды көп қабылдауға жағдайым жоқ. Күніне 20-25 кг шығарам. Егер кішкене болса одан да көп шығаруға мүмкіндігім бар», - дейді Ғалия Жолдасова.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша 3293 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 102 адам мүмкіндігі шектеулі жандар.