Мақтааралдағы құрылыс жұмыстары облыс әкімінің бақылауында.
Мақтаарал ауданындағы жаңа ықшам ауданда 386 үй мен бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған құрылыс алаңын аралаған аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев кезекті жұмыс сапары барысында құрылысы қарқын алған жаңа желілік саябақ пен гүлзарлардың абаттандыру жұмыстарын тексерді. Демалыс аймақтарында қазіргі сәтте веложол төселініп, су ағарлар орнатылған. Айналасы жасыл желекпен көмкеріліп, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Атап өтсек, Мақтаарал ауданындағы су шайған Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс елді мекендері үшін 70 гектар жерде жаңадан бой көтерген Мырзакенттегі жаңа мөлтекауданда 1200 орындық мектептің, 280 орындық бала-бақша мен дәрігерлік амбулатория, тірек пункті нысандарының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда Өмірзақ Естайұлы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас және Фирдоуси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Тұрғын үйлердің құрылыс сапасын бақылап, инфрақұрылым жүйелерінің жүргізілуін аралап көрді.
Жалпы, Өргебас ауылындағы барлық 194 үй бұзылып, жаңадан салынып жатыр. Бүгінде 116 үйдің қабырғалары қаланып, 49 үйдің шатыры жабылуда. Ал, Фирдоуси елді мекенінде жалпы 303 үйдің басым бөлігінің қабырғасы қаланған. 38 үйдің шатыры жабылған.
Айта кетейік, тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімінің жіті бақылауында. Өмірзақ Шөкеев жауапты басқарма басшылары мен құрылыс компания өкілдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеп, әр нысанның уақытылы тапсырылып, сапалы болуын талап етті.