ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Отырардағы мақта кластеріне бағытталған өндіріс орындарының жұмысымен танысты

0
67

Өңірде толық циклді өндіріс құру көзделіп, бірнеше заманауи мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілген.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Отырардағы мақта кластеріне бағытталған өндіріс орындарының жұмысымен танысты

Нұралхан Көшеров Отырардағы мақта кластеріне бағытталған өндіріс орындарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, терең өңдеу саласын дамытуды тапсырды. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде. Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы мен оны терең өңдеу – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі.


Осы ретте Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Өңірде толық циклді өндіріс құру көзделіп, бірнеше заманауи мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілген. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданындағы «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің №1 мақта өңдеу зауытына барып, өндіріс барысымен танысты.


Былтыр жүзеге асқан жобаның жалпы құны 4,37 млрд теңгені құрайды. Жалпы аумағы 66,5 гектарды алып жатқан өндіріс орны жылына 90 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы.


Өңір басшысы өндіріс орнын аралау барысында жобаның маңыздылығына тоқталып, мақта шикізатын терең өңдеу – аймақ экономикасын әртараптандырудағы негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мұндай кәсіпорындар ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін ұштастырып, қосымша құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.


Айта кетейік, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктестік былтыр қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, жоғары өнімділікке қол жеткізді. Су үнемдейтін бұл технологиялар – климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті.


Жаңа мақта анроөнеркәсіп кешенінде жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Ақылды басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланып отырады. 700-ге жуық жұмысшыға арналған жатақхана, асханалары бар. Компания өзі 280 метрден ауыз су тартып, күніне 4 мың жұмысшыға жететін су шығарылады. Зауыттың 20 мың өңделген мақта сақтайтын алып қоймасы бар. Мұндай қоймалар саны артады. Мұнда өңделген мақта Түркістандағы зауытта жіпке, матаға айналады. Оған қоса өңделген мақта Еуропа мен Қытайдағы фабрикаларға экспортталады деп көзделген.

Бөлісу