ТҮРКІСТАН: Облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың өтініштерін тыңдады

0
429

Жеке қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, орындалу барысы облыс әкімі орынбасарының бақылауына алынды.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың өтініштерін тыңдады

Түркістан облысы әкімінің орынбасары тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің кәсіпкерлік саласына жауапты орынбасары Нұралхан Көшеров тұрғындарды қабылдады. Өзі жетекшілік ететін салалар бойынша өңір тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады.


Қабылдауға тұрғындардың басым бөлігі кәсіпкерлікті дамытуға қолдау сұрап келген. Мәселен, түркістандық кәсіпкер көкөніс сақтау қоймасын салу үшін қала аумағынан жер учаскесін беруді сұрады. Кәсіпкерге өз кәсібін жүргізу үшін әкімдік тарапынан «Түркістан» индустриалды аймағы және «Тұран» арнайы экономикалық аймағынан іс бастау ұсынылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері тарапынан құжаттарды рәсімдеуге сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылатындығы айтылды. Тағы бір азамат кәсіпкерлік мақсаттағы нысанды жылыту мәселесін көтерді.


Түркістандық тұрғын несие мәселесін шешуге көмек сұрады. Бұдан бөлек, балалар киімдерінің брендін дамыту мақсатында цех ашатын жер және құрал-сайман сатып алу үшін қаржылай көмек алу туралы айтылды. Бұл өтініш бойынша тұрғынға кәсібін дамыту үшін кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлері тарапынан қаржы ұйымдары мен олардан берілетін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар, субсидиялар туралы ақпараттар берілмек. Қажетті құжаттарды рәсімдеуге «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.


Сонымен қатар Бәйдібек ауданындағы туристік орындарға қатысты құжаттарды рәсімдеудегі кедергілер айтылды. Халықаралық ұйым тарапынан берілетін несие бойынша ұсыныстар жеткізілді.


Жеке қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, орындалу барысы облыс әкімі орынбасарының бақылауына алынды.