"Жасөспірімдер үйі мен облыстық балалар және жастар ісі басқармасы той дастарханын көтерді. "
Шымкент қаласында шаңырақ көтерген балалар үйі түлектерінің үйлену тойы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы №2-ші балалар үйінде тәрбиеленген Камал Ерболат пен Анастасия Сопельникованың таныстығына біраз болған. Қалыңдықтың айтуынша, жігіт құрбысының туған ағасы екен. 11 айдан бері таныс-білістіктен кейін дос боп кеткен екеудің арасында сезім пайда болып, үйленуге бел буған.
"Уақыт өте келе бір бірімізге қатты бауыр басып кеткенімізді түсіндім. Бір күні қыстың кешінде маған Ерболат үйлену туралы ұсыныс жасады. Мен көп ойланбастан бұл ұсынысты қабыл алдым. Қазір жасөспірімдерге арналған жатақханада тұрып жатырмыз. Қазақстандағы ең үлгілі, ең бақытты отбасы болуға тырысамыз", - деп ағынан жарылды 19 жастағы қалыңдық Анастасия Сопельникова.
Күйеу жігіт Камал Ерболаттың жасы 22-де. Шымкенттегі политехникалық колледждің үшінші курс студенті. Болашақ мамандығы байланыс саласында.
"Біздің достасып жүргенімізге жылға жуықтаған болатын. Жасөспірімдер үйінің қызметкерлері үйлену, басқосу туралы ой тастады. Мен де көп ойланбастан үйленемін деген шешімге келдім. Қалыңдық көйлегін тәрбиешіміз Гүлнәр Тәменова апай таныстары арқылы тауып берді. Той көйлегі үшін ол кісіге ризашылығымызды білдіреміз. Жасөспірімдер үйі мен облыстық балалар және жастар ісі басқармасы той дастарханын көтерді. Жалпы тойды өткізуге дем бергендер аз болған жоқ. Барлығына алғысымыз шексіз. Алланың нұры жаусын дейміз," - дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған 22 жастағы күйеу жігіт Ерболат.
Туғаннан тағдыр теперішін көріп өскен балалар үйінің түлектерінің шаңырақ көтеру тойын Түркістан облыстық балалар және жастар ісі басқармасы ұйымдастырып берген.
"Біз барлық ақ тілегімізді ақтарып жатақан тұста: "Қазақстандағы ең үлгілі отбасы боламыз. Барлығыңызға Алла разы болсын!" деген күйеу жігіт Ерболаттың жүзіндегі мейірімді көрсеңіз! Ерболат пен Анастасиядай сабақ үлгерімдері озат, белсенді жастарға шаңырақ көтеру тойларын ұйымдастырып беруге қашанда өз тарапымыздан көмегімізді аямаймыз", - дейді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.