Офлайн форматта 10 азаматтың арыз-өтінішін тыңдады.
Түркістан облысының бас полицейі «AMANAT» партиясы филиалында азаматтармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов «AMANAT» партиясы Түркістан өңірлік филиалыныңқоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен кездесті. Тұрғындармен еркін әрі ашық байланыс орнату үшін, яғни қарапайым халыққа қандай да бір ыңғайсыздық туындатпау мақсатында қабылдауды өзіндік мысы бар қызмет формасынсыз өткізді. Сонымен қатар, жиынға Полиция департаментіне қарасты тергеу, кадр, криминалдық полиция мен әкімшілік полиция басқармаларының басшылары қатысты.
Өңірдің бас полицейі офлайн форматта 10 азаматтың арыз-өтінішін тыңдады. Сондай-ақ тікелей эфир арқылы онлайн режимде сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді назарға алды.
Мәселен, Қазығұрт ауданының тұрғыны Б.Серікбаев: “Қақпақ бағытындағы обылыстық маңызы бар жолға бір камера қойылса, мал ұрлығы бойынша қылмыстар болмайтын еді” деген пікірін жеткізді. Мұрат Талапұлы жоспарда бар екенін атап, 2023 жылы бюджетке енгізілгенін хабарлады. Жылдың соңына дейін бейнебақылау камералары орнатылатын болады.
Мұнан бөлек алаяқтық, кибератака, жол көлік апаттары, сергек бейнебақылауын іске қосу және осы сынды өзге де шағымдарға түсіндірмелер, кеңестер беріліп, күрделі мәселелер бас полицейдің бақылауына алынды.
«Бүгінгі қабылдауға, аяқсыз қалған арыздарымен, жеке құрамның кейбір полицейлерінің іс-әрекетіне қатысты сын-пікірлерімен бірқатар тұрғындар келді. Олардың арасында полиция жұмысына алғыс айтқандар да баршылық. Осы ретте халықпен тікелей диалог құру және ашықтықты нығайту мақсатындағы жұмыстардың берері мол деген ойдамын. Біздің міндет – қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу, осы жолда шаршамай, халыққа мінсіз қызмет атқару», - деді шара соңында генерал-майор Мұрат Қабденов.
Партия филиалы келіп түскен арыз-өтініштердің оңтайлы шешілуіне дейін полиция департаментімен бірлесіп тиісті шараларды қабылдайды.