Қабылдауға 17 азамат келді.
Түркістан облысы әкімдігінің «Ашық әкімдік» кеңсесінде облыс тұрғындарын жеке қабылдаулар кестеге сәйкес ұйымдастырылып отырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жолы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс тұрғындарын өзі жетекшілік ететін салалар: Сәулет және құрылыс, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, Бақылау басқармаларына қатысты мәселелер бойынша қабылдады. Қабылдауға 17 азамат келді. Тұрғындардың дені тұрғын үй алуға көмек беруді сұрады. Оларға тұрғын үй тек заң аясында кезек реттілігімен берілетіні түсіндірілді. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан мұқтаж отбасыларға тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызын өтеп беру үшін, «Отбасы банкіне» өтінім жолдауға мүмкіндіктері бар екені айтылды.
Түркістандық тұрғын Түркістан қаласы, 2 мөлтек аудандағы тұрғын үйлерінің алдына соғылған қосымша нысандарды алып тастауды сұрады. Бұл бойынша облыстық Бақылау жөніндегі басқармасы тарапынан анықталып, заңсыз құрылыс болған жағдайда, нысанды бұзу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіндігі айтылды.
Тағы бір түркістандық тұрғын «Жаңа қала» аумағындағы жаңадан салынған тұрғын үй ауласында балалар алаңшасының қазіргі жай-күйіне шағымданды. Шағымданушыға аталған тұрғын үй аумағындағы балалар алаңшасы толық аяқталмағандығы, жұмыс актісі қабылданбағандығы түсіндірілді. Сонымен қатар ол «Жаңа қала» аумағында балабақша жоқ екенін тілге тиек етті. Жауапты бөлім басшысы бұл аумақта биыл 2 балабақша нысанының құрылысы басталатынын айтып өтті.
Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап отырған ана тұрғын үй бойынша балалардың құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту туралы ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар азаматтар ауылға табиғи газ кіргізу, көшені жарықтандыру, тұрғын үй кезегіне тұру, жол сапасы, мемлекеттік өтемақы алу, ономастика, шіркейге қатысты мәселелерін ортаға салды.
Тұрғындардың өтініштерін тыңдаған Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларына көтерілген мәселелерді мұқият қарап, заң аясында оң шешім қабылдауды тапсырды. Азаматтарға кейбір мәселелерді шешу уақыт талап ететінін жеткізді. Барлық мәселелер зерделеніп, жұмыстар жүргізіледі.