Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті

0
97

Мыңнан астам бала қатысты.


Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті

Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған мыңнан астам бала қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мерекелік іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыру – мемлекеттің және қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

– Балалар – біздің болашағымыз, өміріміздің мәні. Әрбір ұлан бейбіт аспан астында, ата-ананың мейірімі мен ұстаздың қамқорлығын сезініп өсуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде балаларды қорғауға бағытталған жүйелі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балалардың сапалы білім алуы, медициналық қызметпен қамтылуы, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуы және әлеуметтік қолдауы тұрақты бақылауда. Біздің облысымыз – таланттар мен дарындардың бесігі. Оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт пен өнер сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл халықаралық білім додаларында облыс намысын қорғаған 21 оқушы 14 медаль иеленсе, жалпы оқу жылында Түркістан облысының оқушылары халықаралық және республикалық деңгейде 169 жүлделі орын алды. Бұл – ұстаздардың қажырлы еңбегі, ата-аналардың қолдауы және мемлекет қамқорлығының нәтижесі. Қымбатты балалар, армандаудан қорықпаңдар, білім мен өнердің, спорт пен технологияның шыңдарын бағындыруға батыл қадам жасаңдар. Біз әр бастамаларыңа қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Іс-шара барысында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған 20 дарынды оқушы марапатталып, қаржылай сыйақылар табысталды.

Сонымен қатар іс-шара аясында 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды. Аталған жоспар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім алуына жағдай жасауға, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

Сондай-ақ мереке барысында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы кеңінен насихатталды. Бұл бастама отбасы құндылықтарын нығайтуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне бағытталған.

Балаларға құрмет көрсетілген әсерлі кеште өңірдің дарынды оқушылары мен шығармашыл жастары концерттік қойылымдарын ұсынып, балалардың өнері мен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Мерекеге қатысқан 1000 балаға қазақ әдебиеті кітаптары тарту етілді.

Түркістан облысында балалардың сапалы білім алуы, шығармашылық және зияткерлік дамуы үшін жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Бөлісу