Облыс басшысы салаға жауапты мамандарды жинап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен танысып, сәулет ісіне бей-жай қарамауды тапсырды.
Түркістан облысында 100-ден аса елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында жалпы 801 елді мекен бар. Оның ішінде, 794 елді мекен бас жоспармен қамтылып, қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын биыл жүзеге асыру көзделуде. Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы әзірленіп, сараптамаға жолданған. Жыл соңына дейін облыс мәслихатмен бекітілмек. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың қатысуымен өткен кезекті мәжілісте талқыланды. Облыс басшысы салаға жауапты мамандарды жинап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен танысып, сәулет ісіне бей-жай қарамауды тапсырды. Бұл жұмыстар жіті қадағалауда болатынын айтты.
Облыс аумағындағы аудан, қаладағы елді мекендердің бас схемасын жоспарлау жұмыстары аса маңызға ие. Өйткені, кешенді жоспар арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық, өндірістік-шаруашылық және табиғи-климаттық жағдайдағы негізгі бағыттары дами түседі. Мәселен, қоныстандыру жүйесін жетілдіру, елді мекендерді, өндірістік, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамыту, аумақтарды табиғи және антропогендік, техногендік құбылыстар мен процестерді зиянды әрекеттерден қорғау. Сондай-ақ қала құрылысының әдістерімен экологиялық ахуалды жақсарту, тарихи-мәдени мұра объектілерін және қорғалатын ландшафттық объектілерді сақтау жұмыстары жүргізіледі.
Түркістан облысында 14 аудан және 3 қала тіркелген. Соның ішінде 3 облыстық маңызы бар қала мен 4 аудандық маңызы бар қала және 10 аудан орталығы орналасқан.
Мәжілісте Түркістан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаевтің мәлімдеуінше, облыста орналасқан елді мекендерде талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 387 сапасыз бас жоспарлар анықталған. Осы тұста бас жоспарларға түзету енгізу үшін облыс әкімдігімен 2025-2029 жылға арналған жол картасы бекітілді. Сонымен қатар 105 елді мекеннің бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығында атқарылмақ. Бүгінде 30 елді мекенге облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, кестеге сай жұмыс жүргізілуде. Ал аудан, қала бойынша 75 елді мекеннің бас жоспарына түзету шаралары жүргізіліп жатыр. Өткен жылғы кестеге сай 37 елді мекеннің бас жоспары әзірленген. Қазіргі уақытта 3 елді мекеннің яғни Біркөлік, Сарыағаш және Жібек жолының бас жоспарын реттеу жобалары әзірленіп жатыр.
Бүгінде ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 7 қаланың бас жоспары 71%-ға және 32 егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары 52%-ға цифрландырылып, құрылыс базасына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Түркістан, Кентау, Ленгір, Шардара, Сарыағаш қалаларының бас жоспарлары құрылыс базасына енгізілді. Ал, Арыс, Жетісай қалаларының бас жоспарларын цифрландырылу шаралары қолға алынған.