Түркістан облысында 12,3 млн түп көшет өсіріліп жатыр

0
140

Күзгі кезеңде тағы 6 498 келі тұқым себу жоспарланып отыр.


Түркістан облысында 12,3 млн түп көшет өсіріліп жатыр

Түркістан облысындағы тұқымбақтарда 12,3 млн көшет өсірілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы республика көлемінде 2 млрд ағаш отырғызу міндетін қойған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысының орман қоры аумағында 2021-2027 жылдары 110 мың гектар жерге 170 млн дана көшет егу жөніндегі арнайы кешенді жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 96 мың гектар жерге 146 млн дана көшет егілді. Нәтижесінде белгіленген жоспар 116 пайызға артығымен орындалды. Ал 2026-2027 жылдары қалған 14 мың гектар жерге 24 млн дана көшет егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында баяндалды.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға көгалдандыру жұмыстарын одан әрі күшейтуді, көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

– Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын күшейту қажет. Отырғызылатын көшеттердің сапасына баса назар аударыңыздар. Ағаш көшеттерін күтіп-баптау жұмыстарын жандандырып, олардың уақытылы егілуін, суарылуын және қоршау жұмыстарының жүргізілуін қатаң бақылауға алыңыздар. Сырттан көшет алып келмей, өз-өзімізді көшетпен, көпжылдық гүлмен 100 пайыз қамтуға мүмкіндігіміз бар. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз қажет. Осыған байланысты кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар дендрологиялық жоспарды толық әрі сапалы аяқтауды қамтамасыз етіңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстардың барысы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл наурыз айында 13 600 гектар аумақта жер жырту жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі аудан, қалаларды көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдың күз айларында 509 700 дана, ал 2027 жылдың көктем айларында 530 600 дана көшет босату жоспарланған. Сонымен қатар биыл көктемгі кезеңде 4 318 келі тұқым себілді. Күзгі кезеңде тағы 6 498 келі тұқым себу жоспарланып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша бес жыл ішінде елді мекендерге 15 милионнан астам ағаш отырғызу міндеті белгіленген. Жоспар аясында Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру үшін 1,1 млн дана көшет егу көзделген. Осы бағытта өткен жылы облыс аумағында 1 065 139 дана әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Ал биыл 1 млн дана көшет отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде көктемгі маусымда 332 500 дана көшет егілді.

Сонымен қатар 2025-2026 жылдары отырғызылған ағаш көшеттерінің жағдайын бақылау мақсатында жұмысшы топ құрылып, көшеттерді қоршау, суару және жерсіну көрсеткішін қадағалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде егілген ағаш көшеттерінің жерсіну көрсеткіші 64 пайызды құрады.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, 13 аудан мен қалада жер телімдері бөлініп, тұқымбақтар ашылды. Алайда Бәйдібек және Төлеби аудандарында тұқымбақтар құрылғанымен, белгіленген талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар толық жүргізілмеген.

Аудан және қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, көктемгі маусымда жалпы аумағы 47,82 гектар жерге 467 365 дана көшет егілді. Бұл көшеттер 2027 жылдың күзгі және 2028 жылдың көктемгі маусымдарына отырғызуға дайын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар күзгі кезеңде де жалғасып, қосымша тұқымбақтарға тұқым себу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ дендрологиялық жоспарды іске асыру, қалалардың жасыл қорын түгендеу және цифрландыру жұмыстарын аяқтау тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының Геоақпараттық порталына 503 306 дана ағаштың паспорты енгізілді.

Айта кетейік, қазіргі таңда басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелерде жалпы аумағы 250 гектарды құрайтын 14 тұрақты тұқымбақ жұмыс істейді. Тұқымбақтарда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 млн дана көшет өсірілуде.

Бөлісу