Түркістан облысында 3700-ден астам азамат жеке кәсіп ашқан

0
670

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 1211 адам жоспарланған.


Түркістан облысында 3700-ден астам азамат жеке кәсіп ашқан

Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламамен 3700-ден астам адам жеке кәсіп ашты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында үстіміздегі жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 95 721 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, қазіргі таңда 44 677 адам қатысқан. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 24,8 млрд. теңге қаралып, 1 қыркүйекке дейін оның 11,8 млрд. теңгесі немесе 47,7 пайызы игерілген.

Айталық, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2186 адамды оқуға жолдау, оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 1211 адам жоспарланған. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыстары қазан айынан бастап жүргізіле бастады. Негізінен азаматтар шаштараз, тамақ өндірісі, электр және газ саласындағы мамандықтар, фермер шаруашылығы, тігін өндірісі және басқа да салалары бойынша оқытылуда.

Ал, бағдарламаның екінші бағыты бойынша 5791 адамды қамту жоспарланған. Бүгінге дейін оның 482-сі шағын несие алса, 3254-і грантқа қол жеткізген. Шағын несие мен грантқа бөлінген қаржының басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға және халыққа қызмет көрсету бойынша жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Мәселен, Келес ауданының тұрғыны Ақжол Абдазұлы «Бастау-Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 6 жыл мерзімге төмен пайыздық мөлшерлемесімен 4 млн. теңге шағын несие алды. Аталған қаржыға 16 ірі қара мал алып, мал шаруашылығын дамыту бойынша өз ісін ашып, кәсіпкер ретінде тіркелді. Бүгінгі таңда мал басын 30 данаға дейін көбейтіп, қосымша табыс табуда.

Сондай-ақ, жетісайлық Эльмира Жалкиева «Еңбек» бағдарламасы арқылы жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін грант иеленіп, оған кір сабын өндіретін құрылғы сатып алды. Аталған кәсіпті отбасымен атқарып, айына орта есеппен 1 тонна, яғни 5 мың дана кір сабын өндіреді. Өнімнің әр данасы 70-80 теңгеден саудалап, айына шамамен 350 мың теңге табыс тауып отыр.

Үшінші бағыт аясында 89 930 адамға жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, бүгінге дейін 40 941 адам қамтылған. Бүгінде оның 15363-і жұмысқа орналасқан.

Қорыта айтқанда облыс аумағында биыл жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 40941 адамға жетіп отыр. Оның 14114-і тұрақты, 25578-і уақытша жұмысқа орналасқан. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларында қызмет етуде.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың ІI тоқсанындағы статистикалық мәліметіне бойынша жұмыссыздық деңгейі жалпы 5,1 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы 3,9 ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,7 пайызды құрады.