Түркістан облысында 43 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды

0
81

Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандардың үлесі Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында төмен.


Түркістан облысында 43 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі жұмыспен қамту жоспарының орындалу барысын кезекті рет көзден өткізіп, берілген тапсырмалардың жағдайын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, 6 айда 46 779 жұмыс орны ашылуы тиіс. Басқарманың ұсынған есебінде, қазіргі таңда нақты 43 673 жұмыс орны құрылғаны айтылды. Бұл бағытта Сарыағаш, Отырар, Төлеби және Шардара аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпеді. Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандардың үлесі Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласында төмен.

Ұлттық жобалар және басқа да мемлекеттік тұжырымдамалар аясында жұмысқа орналастыру бойынша 6 айда 151 жобаға 917 азаматты жолдау көзделген болса, бүгінде 183 жобада 1666 жұмыс орны қалыптасып отыр.

Еңбек шарттарын тіркеу Сауран ауданында толық аяқталған. Бәйдібек, Келес, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалаларының жауаптыларына бұл бағыттағы жұмысты ширату қажеттігі ескертілді.

Аудан-қала әкім орынбасарларына өз аймақтарында жұмыспен қамту және еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмалар берілді.

– Орындалмау қаупі бар бағыттар бойынша шарасыздық танытпай, шығатын жол іздеу керек. Жоспардың орындалуы шарт, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Облыс әкімі орынбасарының тапсырмасына сәйкес, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының қызметі зерделенді. Сондай-ақ, 6 айға бекітілген меже де Мансап орталығы басшылары үшін сын сағаты болғалы тұр.

Бөлісу