Қазіргі таңда олардың 7-еуі ел игілігіне тапсырылған.
Түркістан облысында биыл 58 жаңа нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында елді мекендерді, қалалар мен аудандарды әлеуметтік маңызы бар нысандармен, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 93 нысанның құрылысына бюджеттен 77,3 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысында 58 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 7-еуі ел игілігіне тапсырылған.
Құрылыс саласындағы жұмыстардың барысы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы, тұрғын үй мен инженерлік желілерді дамыту мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.
– Әрбір нысан сапалы әрі уақтылы тапсырылуы керек. Құзырлы мекемелер, жауапты басшылар құрылысты басталған сәттен бастап қадағаласын. Халықтың салығы есебінен жасалып жатқан жұмыс талапқа сай болуы қажет. Егер бекітілген жоспарға сай жұмыс атқармаса және ғимаратты сапасыз салса, мердігермен келісімшартты үзіңіздер. Құрылыс материалының сапасы, жұмысшы саны, нысанның мерзімінде тапсырылуы қатаң бақылауда болатын болсын, – деген Нұралхан Көшеров кемшілік анықталған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.
Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Облыста 13 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 9 мектептің құрылысына 8,6 млрд теңге бөлініп, бүгінде Ордабасы ауданындағы үш мектеп пайдалануға берілді. Қалған алты мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Созақ ауданындағы №1 колледждің жатақханасы мен Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында салынып жатқан жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы жалғасуда.
Денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Ал Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қаржысы есебінен салынып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталған.
Мәдениет саласында 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Жетісай ауданындағы Жылы су ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін өңірдің бірнеше ауданында мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар ел игілігіне беріледі.
Спорт саласында 10 нысанның құрылысы қолға алынған. Қазіргі таңда Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын тапсыру көзделген. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатқан ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі Бәйдібек ауданында пайдалануға берілсе, Келес ауданындағы нысан шілде айында ел игілігіне ұсынылады.
Тұрғын үй құрылысы да тұрақты бақылауда. Биыл облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 1 млн 250 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бес айдың қорытындысында 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 115,6 пайызды құрады. Сонымен қатар кредиттік және арендалық тұрғын үйлердің құрылысы мен сатып алу жұмыстары жалғасып жатыр.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында 47 нысан жоспарланған. Жыл соңына дейін 22 нысанды пайдалануға беру көзделсе, қалғандары өтпелі жобалар ретінде жалғасады.


