Түркістан облысында 7 жұмысшы қаза болды

0
500

27 адам зардап шеккен.


Түркістан облысында 7 жұмысшы қаза болды

Түркістан облысында 2024 жылдың алғашқы алты айында өңірде 23 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 27 адам зардап шеккен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы өз өкілеттіктері шеңберінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау саласындағы басшылықты жүзеге асырады. Сәйкесінше, аталған мемлекеттік мекеме 2024 жылдың 6 айында 683 азаматтың арыз-шағымдарын қарап, барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берген. Арыздар негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 134 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 242 заңбұзушылық анықталған. Осы орайда 112 нұсқама берілсе, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 776 хаттама толтырылып, мекемелер мен кәсіпорындарға 23,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл жайында басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев баспасөз жиынында мәлім етті.


Спикердің сөзіне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірдегі 4 кәсіпорынның 358 қызметшіге 102,2 млн. теңге көлемінде жалақы қарыз екендігі анықталған. Бұл ретте жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн. теңге берешек өндіріліп, 280 азаматтың еңбек құқықтары қорғалған. Енді биыл анықталған «Қызмет-Сервис-Арыс» ЖШС-ның 78 жұмысшы алдындағы 17,4 млн. теңге және 2023 жылдан өтпелі болған Шардара ауданындағы «Арай Қамқор» мүгедектер қоғамы мен «Қыран» футбол клубының 5 қызметкер алдындағы 3,2 млн. теңге қарызы қалыпты. Тиісті материалдар сот орындаушыларға жолданып, өндіру жұмыстары жалғасып жатыр екен.


2024 жылдың алғашқы алты айында өңірде 23 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 27 адам зардап шеккен. Өкінішке қарай, олардың жетеуі қаза болыпты. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда екі есе жоғары болып отыр. Атап өтсек, «SAS-Tobe Technologies» ЖШС-ның екі қызметкері көмірдің газ конденцатының жарылуынан, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның бір жұмысшысы электрлі жарақат салдарынан, «Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және құрылысы бөлімі» мекемесінің қызметшісі жол-көлік оқиғасынан, «Central Asia Mining Co» ЖШС-ның бір маманы үстіне плита жабындысының түсуінен, «Састөбе Цемент» ЖШС-ның жұмысшысы биіктен құлау салдарынан көз жұмса, «Яссы-Құрылыс» ЖШС қызметшісінің қолын БСУ транспортерлік лентасы қысып қалып, қаза болған. Аталған қайғылы жағдайлар бойынша жұмыс берушілерге қатысты қылмыстық іс қозғау үшін 22 іс-құжат құқық қорғау органдарына жолданыпты.


Дегенмен аталған кезеңде облыс көлемінде еңбек жанжалы тіркелмепті. Әлеуметтік шиеленіс туындауы ықтимал 157 кәсіпорын анықталып, алгоритмге сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр екен.


«Еңбек тәуекелдерінің картасына сәйкес, өңірдегі 26 кәсіпорын еңбек жанжалдарының алдын алу және әлеуметтік шиеленістің туындауы бойынша тұрақты бақылауға алынды. Бұл ретте 10 кәсіпорын өңірдегі еңбек қатынастары мен қауіпсіздік моделі бойынша жоғары тәуекел деңгейіне жатады. Олар «TURKISTAN INTERNATIONAL AIRPORT (Түркістан халықаралық әуежайы)» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Батсу-Водоканал» ЖШС, «SMART-OIL» ЖШС, «Шымкентдорстрой» өндірістік компаниясы ЖШС, «ОРТАЛЫҚ» өндіруші кәсіпорны ЖШС, «Русбурмаш-Қазақстан» бірлескен кәсіпорны ЖШС, «ИНКАЙ» бірлескен кәсіпорны ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп – SaUran» ЖШС және «KAZPLAST» ЖШС. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған кәсіпорын қызметкерлерінен өтініштер, оның ішінде бейнеөтініштер түскен жоқ. Қазіргі уақытта аталған кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істейді. Облыстағы мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр», - дейді Берік Серікбайұлы.