Облыстық бюджеттен 70 мектеп, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен 8 мектеп салынып жатыр.
Түркістан облысында 80-ге жуық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биыл Түркістан облысы бойынша жалпы 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, облыстық бюджеттен 70 мектеп, «Ауыл-Ел бесігі» жобасымен 8 мектеп салынып жатыр. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі салынуда. Бүгінгі таңда, облыста 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар, оның ішінде биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Қалғанының мәселесі 2021-2023 жылдар аралығында толығымен шешімін табатын болады.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай өңірде 130 мектеп салу жоспарланған (2021 жылы – 47, 2022 жылы – 26, 2023 жылы – 21, 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 12). Ағымдағы жылы бағдарлама аясында жалпы 47 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, 44 мектеп бюджет, 3-і – жеке инвестиция есебінен. 1 қыркүйекке 44 мектептен 17-сі пайдалануға беріліп, қалғаны жыл соңына дейін ашылады деп жоспарлануда.