Түркістан облысында АҚШ технологиясымен жаңбырлатып суару тәсілі қолданысқа енгізілді

0
1 950

Мамандардың айтуынша, бұл – өте тиімді тәсіл.


Түркістан облысында АҚШ технологиясымен жаңбырлатып суару тәсілі қолданысқа енгізілді

Түркістан қаласының маңында диқандар егістікті АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суара бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мамандардың айтуынша, бұл – өте тиімді тәсіл. Осы бастама арқылы өнім түсімі екі-төрт есеге дейін артады деп жоспарланып отыр.

2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешіміне сәйкес, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітіліп, «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» қабылданған болатын. Осы жоспарға сәйкес, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады.

Кешенді жоспар аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың га алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр.
Биыл жыл басында «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-нің бастамасымен 131 шаруа қожалық бірігіп, нәтижесінде «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылды. Бүгінде аталған кооперативтің 733 га алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суғару технологиясы машинасын орнату жоспарланған. Жобаның құны – 500,0 млн. теңге. АҚШ-тың «T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Сондай-ақ мұнда 600,0 млн. теңгеге «МТС құру» жобасы іске асырылуда. Жобалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мақұлданды. Бұл құрылғыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, шаруаларға үлкен қолдау көрсетіліп отыр.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбол Бадырақовтың айтуынша, бүгінде Түркістан қаласы маңында 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасы орнатылған.

«Қазір бұл алқапқа күздік бидай егіліп жатыр. Келесі жылдың мамыр айында сүрлем жүгері егу жоспарланған. Жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Мысалы бидайдан орташа өнімділік гектарына 15 – 20 центнер болса, технология арқылы ол 40 – 45 центнерге жетпек. Дәндік жүгеріден әр гектардан 48,5 центнер алынса, жаңа технология арқылы өнім түсімін 115-130 центнерге дейін жеткізуге болады. Жалпы, келесі жылы Түркістан қаласының айналасындағы алқаптарда жаңбырлатып суару әдісі енгізіледі. Осы арқылы азық-түлік белдеуі қалыптасып, елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп қана қоймай, қаланың экологиясы ақуалы да жақсарады», – дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда азық-түлік белдеуі аумағында «Түркістан Агро ХХI» ЖШС «1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасын іске асыруда. Бұдан бөлек «SPK-SAURAN» АШӨК-і («Сити Строй»ЖШС) «10 000 бас ІҚМ бордақылау кешені» жобасын іске асыру жұмыстарын бастады. Сондай ақ «SPK-SAURAN» АШӨК-і «1 мың гектар алқапта жаңбырлатын суару жүйесін орнату» жобасын қолға алды. Қазір онда «Valmont Industries» компаниясынан 3 жаңбырлатқыш машиналары жеткізілген.

Бұдан бөлек, жылына қуаттылығы 20 мың.тн. етті бағыттағы құс фабрикасы («Стандарт ойл»ЖШС), 500 га заманауи жылыжай кешені (YDA INSAAT түрік компаниясы), «Жылына 2,5 мың тн. түйе сүтін қайта өңдеу кешені» жобалары дайындалуда.
Азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобалары Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырым аумақта интенсивті технологияларды қолдана отырып, ғалымдардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатыр.

Кешенді жоспар бойынша жалпы 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде жыл сайын қосымша 30,0 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады деген сенім бар.