Параболалық лотоктардың каналдарға орнатылуы су шығынын 40%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында бетон лотоктар шығаратын өндіріс іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында тағы бір маңызды қадам жасалды. Ордабасы ауданы, Қарақұм ауылында орналасқан «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында суару жүйелеріне арналған параболалық бетон лотоктар шығаратын өндіріс іске қосылды. Жобаның мақсаты – су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт әлеуетін де арттыру.
Параболалық лотоктардың каналдарға орнатылуы су шығынын 40%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің су ресурстарын үнемдеуге бағытталған нақты қадам.
Зауыттың ашылу қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орнына сәттілік тілеп, оның аймақ экономикасына қосар үлесін ерекше атап өтті. Жергілікті өндірістің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдіріп, бұл жобаның ауылды өркендету мен халықты тұрақты жұмыспен қамту жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
Жаңа өндіріс алаңында тәулігіне 45 дана параболалық бетон лоток жасап шығаралады. Жоба құны – 350 млн теңге. Зауытта 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Лотоктар ЛР6, ЛР8, ЛР10 маркаларында шығарылып, болашақта ішкі нарықпен қатар Еуропа елдері мен Қытайға да экспорттау көзделуде. Бұл – отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің айғағы.
Зауыт бетон араластыру қондырғысы, бу қазандығы, порталды кран, арматуралы сетка тоқу жабдықтарымен толық жабдықталған. Өндірілетін құрылғылардың нарықтағы бағадан 20-30%-ға арзан болуы – жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен жеңілдік.
«Тұран су» – стратегиялық нысандарды басқаратын маңызды кәсіпорын. 2019 жылы құрылған мекеме мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу жұмыстарын атқарып келеді. Кәсіпорын теңгерімінде 20 су қоймасы, 3 су торабы, 1 400 шақырымды қамтитын 110 канал, 3 өндірістік-техникалық база, 81 арнайы техника бар. Жалпы көлемі 108,1 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 400-ден астам маман еңбек етуде.
Облыс әкімдігінің қолдауымен су шаруашылығын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, 3,6 млрд теңгеге 60 арнайы техника сатып алынды, оның ішінде, 24 техника аудан, қала әкімдіктеріне берілді. Бұл арқылы 1 200 шақырым каналдар мен қашыртқылар тазаланды. 650 млн теңгеге «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» іске қосылып, жылына 9 мың гектар егістікке қызмет көрсетуде. Бүгін іске қосылған «Параболалық лотоктар шығару өндірісі» – су үнемдеуге арналған маңызды жоба.
Сонымен қатар Ислам даму банкі қаржысы есебінен 63,2 млрд теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, 130 шақырым канал бетонмен қапталады. Нәтижесінде, 10,1 мың гектар жер ағын сумен қамтылмақ. Тағы 73,6 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 166 шақырым каналды жаңғыртып, 53,3 мың гектар суармалы алқаптың су өткізу қабілетін арттырады.