Түркістан облысында егістік жұмыстары басталды

0
89

1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын егу жоспарланып отыр.


Түркістан облысында егістік жұмыстары басталды

Түркістан облысында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қаңтардың қақ ортасында ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңір тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан бойынша жалпы көлемі 60,3 мың гектар егістік алқапты игеру көзделген болса, оның ішінде 1405 гектар жерге ерте және орта мерзімде пісетін көкөніс дақылдарын егу жоспарланып отыр.


Аталған жұмыстар аясында Мақтаарал ауылдық округінде ерте өнім алуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруалардың бірі – Күшербаев Шағыр Ертуғанұлы 8 гектар алқапқа ас үй қызылшасын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егуде.


Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өнім көлемін дәстүрлі әдістермен салыстырғанда екі есеге дейін арттыруға болады.


Шаруашылықта барлық агротехникалық талаптар сақталып, егіс жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізілген. Қолайлы ауа райы жағдайында ас үй қызылшасының алғашқы өнімі сәуір айында пісіп жетіледі деп күтілуде. Ерте өнім алу нарықтағы бағаның тұрақталуына және тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар ауданда жуық арада қырыққабат дақылын егу жұмыстары да басталады. Бұл көкөніс түрі де ерте пісетін дақылдардың қатарына жатады және ішкі нарықта сұранысқа ие өнім саналады.


Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Оның 536 мың гектары – жаздық, 208 мың гектары – күздік дақылдар, ал 175 мың гектары – көпжылдық жоңышқа.

Бөлісу